Тәуелсіздік дәуірі – жылдар жүгін арқалаған

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Тәуелсіздік дәуірі" атты
еңбегі еліміздің өткен жылдарда бастан кешкен
тарихын жүйелі баяндайтын, елде өрістеген аса
күрделі процестерді терең талдайтын, сонымен қоса
алдағы күндерге артылатын міндеттерді саралап
ашуымен де құнды еңбек дейміз.

Елбасымыздың жүрек төріндегі толғаныстарынан шыққан бұл кітапты бәріміздің қасиетті Отанымыз – ҚР негізін қалаған Тұңғыш Президентіміздің  өз қолымен жазылған  Тәуелсіздік энциклопедиясы деп атауға толық негіз бар.

Барша оқырмандарға Елбасының тарихи энциклопедиясын толықтай насихаттау барысында наурыз айында Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының конференц-залында "Н.Ә.Назарбаев феномені: саяси ұстанымдар мен бастамалар" атты мазмұнды әрі тартымды дөңгелек үстел болып өтті.

Дөңгелек үстел модераторы "Болашақ" Академиясының философия ғылымдарының кандидаты, жалпы білім беру пәні кафедрасының доценті Ф. Саттарова аталмыш еңбектің бөлімдері мен кезеңдеріне тоқталып, кітапты әсерлі баяндады. Келген қонақтарға, жас толқынға үлгі болып келе жатқан зиялы қауымдардың даналы сөздерін тілге тиек ете отырып, тәуелсіздік жолында болған қиындықтар мен ауыртпалықтар жайын нақты айтып өтті. "Әрине, қазіргі жастарымыз өте бақытты. Бұрынғы  қазақ жұртының көрген қиын кезеңдері болашақ жас ұрпаққа тарихи оқиға болып қалары сөзсіз”.

"Өрлеу" БАҰО филиалының Басқару және білім сапасы кафедрасының аға оқытушысы  Г.Тусупкалиева "Тәуелсіздік энциклопедиясы" деген атқа ие болған еңбектің үшінші бөлімі, яғни "Қазақстанның үшінші жаңғыруы" тақырыбында баяндама жасап, мемлекетімізде қолға алынған бағдарламалар мен тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріміз жайында шара қатысушыларына баяндады.

26 жыл қас-қағым сәт болғанмен қазақ үшін ғасырға бергісіз кезең. Бар-жоғы ширек ғасырда еліміз биік белестерді бағындыра білді.

Мемлекетіміздің негізі қаланған күннен бергі атаулы әрі айтулы оқиғалары да "Тәуелсіздік дәуірі" кітабында кеңінен айтылған.

"Қоғамдық келісім" ҚММ-нің, ғылыми сараптамалық қолдау және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Д.Малаев "Біздің ұлттық моделіміз - ынтымақ келісім және диалог" тақырыбында сөз өрбітіп, Қазақстанда тату-тәтті тұрып жатқан ұлттар достастығын, ынтымақтастығын баяндады. Елбасының қазіргі таңда жастардың білім алуына, өз-өздерін еркін түрде дамытуға, жастарды баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігі туралы баяндап, болашақ жастардың қолында екендігін тағы бір мәрте бас атап өтті.

Қонақтар  "Дәуір. Тұлға. Қоғам" тақырыбында ұйымдастырылған кітап көрмесінің  куәсі болды.

Аталмыш шара Қазақстанның кең жүрек, ақжарқын, мейірбан халық екеніне жас ұрпақ тағы да бір мәрте көз жеткізді. Оған себеп, шараға келген Түркі этномәдени орталығы басшысының орынбасары З.Сафарова: "Мен бақыттымын. Неге дейсіздер ғой?! Себебі, мен қазақ деген тәуелсіз елде, ұлан байтақ жерде өмір сүріп жатырмын. Кемеңгер Елбасымыз бар да әлі де қазақ елі дамитынына сенеміз. Басқа ұлт өкілдерін құшағына сыйдырған халыққа үлкен рақыметімді жеткізгім келеді" деп ішкі толғанысын үлкен махаббатпен айтты.

Патриоттық сезімге бөлеген бұл шарада жағымды ой-пікірлер айтылып, санамызға тарихтың мол мұрасын түйдік.

 

Тусупбаева М. - Кітапханашы