Әдеби және тарихи шығармалар

Ал-Карени Р. С. Әдеби және тарихи шығармалары: жеті томдық / Р. С. әл-Карени; Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті. - Қарағанды: Арка және К, 2017.

Құрметті оқырман, біз сіздерге, профессор, экономика ғылымдарының докторы, академик Рашид Кәреновтың кітапханаға сыйға тартқан құнды кіаптарымен таныстырмақшымыз.

«Жақсы кітап - ақылды адамның әңгімесімен бірдей» демекші, кітапханамыздың қорын толықтыра түскен жеті томдық «Әдеби және тарихи шығармалар» жинағы көпшілік қауымға арналған.

Өміріміздің даму барысын дұрыс түсініп, ғылымның бүгіні мен ертеңін танып, бағдарлап отыруда ғылым тарихы маңызды орын алады. Расында, адамзаттың жинақталған материалдық байлықтары қандай ұшан-теңіз болса, оның рухани байлығының қоры да сондай көп. Бұлардың бәрі баршаға бірдей ортақ қазына. Сол мәдени  мұраны талдап, іріктей білу, оны қастерлеп бағалай білу, халыққа жеткізу – кейінгі ұрпақтың абыройлы міндеті.

Бүгінгі күні ұлы ойшылдар мен ғалымдардың шығармашылықтары, ғылыми еңбектері несімен өзекті, өміршең, қажетті деген сұрақтар барша қауымды толғандыратыны анық.

Қанша уақыт өтіп, адамзат баласы жаңа формацияға, жаңа даму сатысына көтерілсе де, зиялылар қалдырған күллі қазаққа, Алаш атаулыға тән аса бай мұраны паш еткен еңбектері тұтас бір халықтың адастырмас темірқазығы, рухани суаты, сарқылмас қазынасы болып отыр.

Оқырманға ұсынылып отырған осынау тарихи-филологиялық зерттеу өзінің мазмұнына өзек болған Алаштың жиырма ұлы ойшылдары мен ғалымдарының өмір жолын, ғылымға қосқан үлесін сөз қылып қана қоймай, олар туралы мағлұматты сол заманның әлеуметтік-саяси жағдайымен байланыстыра алғандығында.

Отандық ғылымның күрделі өткен жолы және оның жетістігі мен межелі табыстары жайында жан-жақты сөз ететін осы басылымның оқырман қауымға қажет екендігі түсінікті.

Қарағанды қаласы «Арко» баспасынан жарық көрген кітаптың іші тарихи деректермен толық бейнеленген. Елдің бірлігін ойлап, халықтың жоғын жоқтаған алыптарымыз да осы кітаптан орын алған. Түйгенін жазған ғалым Р.Кәреновтың оқырманға салар ойы бар.

Өскелең ұрпаққа өз тарихы мен мәдениетін, әдебиеті мен салт-санасын насихаттауды көздеген кітаптың қай уақытта болса да оқылары сөзсіз.

Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» - деген еді Ғабит Мүсірепов. Ендеше, жаңа кітаппен танысып, оқуға асығайық.

Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О.Телпекбаева