Көпен келе жатыр

Әмір-бек К. Көпен келе жатыр!...Әзіл-сықақ, әжуа, пародия./ Редакторы: Ж. Дәулет. – Алматы: «Нұрлы әлем» 2004. – 320 бет.

Біздің қазіргі қазақ әдебиетінің бір өкілі – өзіміздің бір туар азаматымыз – Көпен мырза. Көпен Әмірбеков десеңіз, жұрттың бәрі біледі. Неге десеңіз, ол кісінің аузын ашса аузынан шоқ түседі. Ол шоқ адамды күйдірмейді, күлдіреді. Оның өзі үлкен өнер. Жыртылған көңілді жамайды, мұңайған көзді жадыратады. Тіпті қиын-қыстау кезеңнің өзінде де елге қуат береді.

Мінеки, осындай тұлға біздің қазақ халқына керек-ақ. Өйткені, оның көкірегінде, оның санасында халыққа деген жанашырлық сезім бар. Ал, ондай адамдар халықтың тірі тірегі, ірі тұлғасы болады. Егер де осындай азаматтар көп болса біздің халықтың бақыты.

Көпен Әмірбеков – қазіргі сатира жанрында ұзақ жылдардан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан көрнекті қаламгеріміз. Көпен Әмірбеков өз сатираларын сахнаға бейімдеп қоюшы ретінде де, оның қоғамдағы ең өзекті проблемаларын арқау ете білген публицист ретінде де қазіргі қазақ әдебиетінің айтулы тұлғаларының бірі.

Қазақтың белгілі сатиригі Көпен Әмірбектің бұл кітабына кейінгі жылдары жазылған таңдаулы әзіл-сықақ, әжуа, пародиялары топтастырылып отыр.

Кітапқа өзінің өткір әзілдерімен көрерменді күлкіге қарық қылып, түсінгенге терең ой салатын әңгімелері еніп отыр.

Құрметті оқырмандар, келіңіздер, кітаппен танысып, сатира саңлағының сан түрлі сырлары мен әзілдерінен парасатты да үлгі аларлық өнегесін өнерлі ұрпаққа дәріптейік!

Өнер туралы әдебиеттер бөлімі Сіздерді асыға күтеді! Келіңіздер! Оқыңыздар!