Аласұрдым арыстандай жүрекпен

Құрметті оқырмандар! Сіздер журналист Базар Мамыр туралы білесіздер ме? Бүгінгі таңда Базар Қалиасқарұлы тірі болса, 65 жасқа толар еді...

Осыған орай біздің өлкетану әдебиеті бөлімі “Аласұрдым арыстандай жүрекпен” атты кітап көрмесі  қойылды. Бұл көрмеге Б. Мамырдың еңбектері, шығармалары және Б. Мамырға арналған  мақалалар қойылды.

Базар Мамыр 1953 жылы 4 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Үлкеннарын ауданы, Майемар ауылында дүниеге келген. 1974 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін еңбек жолын облыстық “Орталық Қазақстан” газетінде бастаған.

Б. Мамырдың журналист ретінде елге танылғаны осы облыстық радиода қызмет істеген жылдары. Оның әуе толқыны арқылы берілген “Құқықтық қоғамға барар жолда”, “Зерде”  топтамасы және т.б. төл туындылары қалың тыңдарманның қошеметіне ие болды.   Б. Мамыр тек қана журналист ретінде ғана емес, сонымен қатар ақындық жағымен көпшілікке танымал болды.

Сіздер біздің кітап көрмесінен ақынның 2001 жылы жарыққа шыққан «Саңылаудан түскен сәуле» атты жинағын көре аласыздар. Төлеуғазы  Әбжанов «Қиялының көгінде ұшқан ақын» мақаласында былай дейді: «Осы бір шағын ғана Саңылаудан түскен сәуле деп аталатын жыр жинаған әлденеше рет қолыма алып, әр жерін оқи беремін. Өйткені бұл кітап қолыма тигелі не түрлі ойлар мазалайтын болды. Саңылау. Сәуле. Осы екі сөз қазіргі жастарға онша таныс емес сияқты.» - дейді.

Сонымен қатар ақынның естеліктері, мақалалары көрмеге қойылды.  Сіздер бұл көрмеден Руслан Нұрбайдың «Алғаш көрдім өлгенін шын ақынның» атты еске алуын және Төрехан Майбастың «Алдында ағаң болған қандай жақсы» атты мақалаларын келіп оқи аласыздар. Және де ұлы Мерейдің әкесіне арнап шығарған «Әкеме» атты арнауын тамашалай аласыздар.

2004 жылы тамыз айының сегізінші жұлдызында туған күнінен 4 күн өткеннен кейін Базар Мамыр  дүниеден озады. Оның жарқын бейнесі Қарағанды журналистерінің, мыңдаған тыңдармандар мен оқырмандардың жүрегінде мәңгі сақталған.

Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы М.Рахметаева