Жадыраның жырлары

Белгілі ақын, еліміз тұңғыш рет егемендік  алған тұста ҚР алғашқы әнұраны авторларының бірі болған Жадыра Дәрібаева 1948 жылы 4 қыркүйекте Қызылорда облысы Тереңөзек ауданында дүниеге келген. 1964 жылы   орыс мектебінің 8-сыныбын, 1968 жылы М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық училищесін бітірген. Бірер жыл Қызылорда қалалық комсомол комитетінде еңбек еткен. Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетінде (сырттай), 1970-1978 жылдары Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет  институтының көркем аударма  бөлімінде оқыған. 1978-1991 жылдары Мәскеудегі А.В.Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институтында (ГИТИС) қазақ актерлер бөлімінде дәріс берген. 1982-1992 жж. Қазақстан Жазушылар одағында секретариат меңгерушісі, 1991-1992 жж. «Қазақстан әйелдері» журналында бөлім меңгерушісі болған. 1996 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.

Қазақтың ақын қызы жалпы жұртшылыққа «Гүлжайна», «Мейір», «Біздің жақтың аспаны» атты жыр жинақтары арқылы танылды. «Қасиеттілік шырағы»  кітабын оқысаңыз өлеңдері кемеліне келген қаламгердің пайым-парасатының тереңдей түскенін, ойы өрнекті, тілі шұрайлы, ұшқыр қалам иесі екенін танисыз.

Қаны мен жанын берген туған жерге,

Бар қазақ бір – бірімен туыс – бауыр, - деп өзінің ұлтын бірлік пен ынтымаққа шақырған әсерлі өлеңдерімен өрнектеген ақынның жетістігіне сүйсінесіз. Ардың сөзін айтып, адал да сыршыл жүректің сырын паш ететін шырайлы жырлары кітаптарында жиі ұшырасады. Оны оқыған сайын ақынның жүрек лүпілін, жан дауысын ашық сезініп, тыңдағандай әсерде боласыз. Сондықтан сіздерді Жадыра ақын жырларымен кеңірек танысуға шақырамын. Жырлары жүрек  жадыратар  Жадыра ақын жырлары назардан тыс қалмасы анық.

                                                               Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторы:
                                                               Ахмадиева А.С.