Тұғырлы тілім – қазақ тілі

Тілі мәңгі жасаған халық өзіде өлмейді.

Ш.Айтматов

Әрбір ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі, мәдениеті болатыны сияқты, өзіндік ана тілі болады. Ана тіліңді құрметтеу–отаныңа, халқыңа деген құрметпен пара-пар. Жер жүзінде қаншама тілдер жойылып, қазіргі қоғам мәселесіне айналғалы қашан. Біз түркі тілдес халықтардың ішіндегі сөздік қорына бай тілді халық болғандықтан әдебиетіміздегі өлеңдерімізді, прозаларымызды өзге ұлт өз тіліне аудара алмай қиналатыны рас. Қазақ тілінің мәртебесінің биіктігінің бір парасы, осы тіліміздің байлығында жатқан шығар деп түсінемін. Қараңызшы. Қазақтың ойшылы, хакім Абай атамыз орыс ақындарының шығармаларын қазақ тіліне аударды. Ал Абай атамыздың қарасөздері мен өлеңдерін, даналық ойларын аудара алды ма?! Аударған күннің өзінде қандай дәрежеде аударды. Міне ана тіліміздің ұшан-теңіз екені осыдан-ақ белгілі.

Ал енді өзімізге оралсақ, қазағымыздың арасында да, ана тілімізді білмейтін, түсінсе де сөйлеп жеткізе алмайтындарды да көріп жүрген жайымыз бар.

Қадыр Мырза-Әлі ағамыз айтқандай:

«Ана тілің арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте» - деп жырлады емес пе?!

Мен қызмет етіп отырған кітапханаға оның ішінде оқырмандарымыздан Үнді елінің азаматтары мен азаматшаларын күнделікті көріп жүремін. Солардың бір-бірімен қазақша не болмаса орысша сөйлесіп отырғанын көрмедім, өздерінің ана тілдері хинди тілінде сөйлейді. Айтпағым біз үндістер үшін шет ел болып табыламыз. Шет елде өз ана тілінде сөйлеу – өзінің туған тіліне деген құрметі.

Тәуелсіздік алған соң Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Ата - Заңымызға 1997-ші жылы 11-ші шілдеде тіл туралы заңды енгізді. Қазақстан халқы тілдері күні 2018 жылы ҚР-ның экс-премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» үкіметтің қаулысына қол қойды. Қаулыға сәйкес Қазақстан халқы тілдері күні қыркүйек айының 22-нен қазақ әліпбиінің негізін қалаушы Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай 5-ші қыркүйекке ауыстырылды.

Дана халқымыз:

«Ұяда не көрсең,

Ұшқанда соны ілесің» –дейді. Ендеше ертеңімізге нық сеніммен қарауымыз үшін ұрпағымызды отбасымызда қазақшаға баулып қазақ тілінің абыройын асқақтатар етіп тәрбиелейік.

Құрметті оқырман қауым келе жатқан «Қазақстан халқы тілдері күні» құтты болсын!

                                                                                 Негізгі қорларды сақтау бөлімінің
                                                                                 кітапханашысы:  Ақбергенов Е.Е.