Көркем сөздің көрнекті шебері

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ресей педагогика және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, профессор Сәбит Досанов биыл сексен жасқа толды.

Сәбит Досанов 1940 жылы 12 қаңтарда Қостанай облысы Амангелді ауданы, Байғабыл ауылында дүниеге келген. Парасат орденінің иегері, Алаш халықаралық әдеби сыйлығының иегері. Алғашқы рет «Қайырлы таң» очерктер мен әңгімелер жинағы 1966 жылы жарық көрген. Сәбит Досановтың қаламынан «Тау жолы», «Екінші өмір» «Жиырмасыншы ғасыр» романдары, «Ақ аруана» хикаясы, «Қазағым-ай, қайда кетіп барасың?» жыр жинағы туды. Сонымен қатар ол әдебиеттану монографияларының авторы. Жазушының қазақ халқының өмірін тебірене жазған «Жиырмасыншы ғасыр» атты эпопеясы әлем әдебиетшілерінің де зор бағасына ие болды.

Сәбит Досанов жазушы ғана емес  драматург ретінде де елге етене таныс. Қаламгердің «Дауыл», «Ертең бюро», «Тозақ шеңбері» және т.б. пьесалары республиканың көптеген театрларында қойылып келеді. Ал, жазушы өзінің “Ұйық” романында қазақ жұртының бостандық жолындағы күресі, жер-суына иелік ету жолындағы  жанқиярлық әрекеттері туралы баяндайды.

2018 жылдан бастап кітапханамыздың кітап қоры Алматы қаласы «ARDA+7» баспасынан басылып шыққан С. Досановтың он екі томдық шығармалар жинағымен толықтырылып келеді. Бұл он екі томдық шығармаларына жазушының әр жылдары жазылған таңдамалы еңбектері енгізілген. Кітапханамызда бірінші томнан бастап тоғызыншы томына дейін бар.

Бірінші томында әңгімелер мен повестері енгізілген. Бірінші томдағы «Ақаруана» повесінде табиғат туралы, соғыс пен бейбітшілік, жат жер мен туған жер туралы баяндалады. Ежелден қазақ халқы мал өсіру мен шұғылданған. Көшпелі халыққа малға деген қамқорлық оның ішінде киелі санайтын малға махаббаты ерекше Басты кейіпкер жау қолында кеткен Тауман атты жас батыр мен аруана жайлы. Хикаяда аналық түйе мен оның ботасын балажандығын, туған мекеніне деген махаббатын сипаттаған. Қазіргі біздің оқырмандарымызға табиғатты, туған жерді, ата мекенді сүюге баулитын, патриоттық сезімді оятатын осындай көркем туынды керек деп ойлаймын. Грузин ақыны Мурман Джгубуряның сөзін алсақ «Аруана» повесін нағыз қазақ мектептерінде оқытылатын шығарма өйткені мағынасы мен мазмұны зор деп баға берген. Екінші томында «Екінші өмір» романы, Үшінші томда «Тау жолы» романы енгізілген.

Төртінші - жетінші томдарында «Жиырмасыншы ғасыр» роман эпопеясы жарияланған. Сәбит Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр» романын оқып отырып, қазақ халқының әлемі мен философиясына қанығасың, батырлар эпосының рухымен нәрленген фольклорымен танысасың, қазақ даласының ұлылығын сезінесің. Сонымен бірге көптеген салт-жораларға, әдет-ғұрыптарға қанығасың, жаңа ғасыр қаһармандарымен бірге шетсіз-шексіз кеңістікті аралап шығасың. Қоршаған табиғаттың үйлесімділігі мен сұлулығына сүйсінесің, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан үйлесімділікке адамның белсенді және зор қауіппен килігіп отырғанына куә боласың. Романда «Ақбас қыран» эпостардан жеткен халықтың символына айналған образ. Адам баласының бойындағы мінез құлықты қайрымдылық пен жамандық, әлсіздік пен қайрат, нәзіктік пен кектің бар жоқтығын сезіндірді. Қазақ қызының ХХ ғасырдың басында Сарбонна университетін бітіріп, Ресей Ғылым Академиясына ғалым болып еңбек етіп, қазақ халқының бұрын хат білмейтін надан болмағанын кейіпкері Айжан арқылы жеткізген. Өндірісті де меңгеріп тамаша ұл, қыздарымыз инженер болып шығуы. «Түркісіб теміржол» құрлысы жайлы жазылған тараулар дәлел. Қазақ өз жеріне өзі иелік ету, қандай қиындықтарға тап болғаны, жазушы жан-жақты баяндаған.

Сегізінші томда әр жылдары жазылған драмалары енгізілген. «Қызғышқұс», «Ақбас бүркіт», «Дауыл», «Дабыл», «Аманат», «Тағдырмен тайталас», «Тозақ шеңбері», «Адамзаттың Анасы», «Мұхтар», «Қасқыр ұлыған түн», «Махаббат машақаты», пьесалары енген. Жазушының «Адамзаттың анасы» атандырып отырған ЖЕР екенін ұғындырды. Бүгінгі таңда халықты коп ойландыратын тақырыптың бірі. Бұл драманың негізгі ойын ашты, осынау байтақ даланы, кешегі батырларымыз қорғап сақтап, ұрпақтарына аманат еткен, жерімізді ешкімге сатқызбай қасиеттеп, қадірлеп ұстау Сол мақсатпен автор оқырманын да, көрерменінде де, көзін жеткізу үшін бар талантын жұмсады. С. Досанов ауруы асқынып жазылмас жараға айналса да, не болса да айтарымды айтып қалайын деп осынау романды дүниеге келтірді.

Жазушының тоғызыншы томында әр жылдары жазылған өлеңдері енгізілген. Бұл кітапты қоғам қайраткерлеріне, өнер жұлдыздарына, құрбы құрдастарға, аға-ініге, бүлдіршіндерге, Махаббат лирикасына, Сары арқаның төріне жайғасқан жаңа да жас астанамызға арнап, он жасынан бастап бүгінгі күніне дейінгі ғұмырын «Достарыма айтайыншы сырымды» деп, орны толмас қазаны сүйікті ұлы Даниярға арнаған болатын. Қаламгер көркем әдебиеттің көп жанрларына қалам тартып, поэзия әлеміне қарапайым тілмен жеткізе білетінін аңғартты. Жазушының осындай тамаша шығармаларын біздің кітапханамыздың кітап қорынан алып оқи аласыздар.

                                                                     Құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтар
                                                                     ұйымдастыру бөлімінің кітапханашысы: Уйсембаева С.Ж.