Ата қоныс

Бұл жолы сіздерді туған жер - атажұртын қара  сөзбен тебірене толғаған жазушы, тілі өте бай Өтебай Қанахиннің «Ата қоныс» атты кітабының тұшымды тұстарымен таныстырамын. Қаламгердің шығармалары менің қызығушылығымды арттырғанымен қоймай сөздік қорыма жаңа нақыл сөздер де қосылды. Туған халқымыздың ежелден келе жатқан ата кәсібі мен ата қонысы төңірегіндегі әңгіме бүгінгі ауыл өміріндегі шындықтармен қат-қабат өрбіп, ұласып жатады. «Ата қоныс» кітабындағы туған жерге, ата қонысқа деген сүйіспеншілік, елге деген махаббат Ө.Қанахин шығармаларының алтын арқауы. Кітаптағы негізгі кейіпкер Қайсар ауылына үш ай демалысқа келіп, ағайынмен әртүрлі тақырыпта әңгіме өрбітеді. Тоғыз сұхбатқа топтасқан бұл шығармада автор халқымыздың ежелгі ата қонысы мен ата кәсібі жайында, отбасы тәрбиесі, 37 жылдардағы нәубет туралы кең толғанады. Осы кітаптағы мақал – мәтел, нақыл сөздердің біразын оқи кетіңіз.

Ойға терең бол,
Өсекке керең бол.

Сауып отырған әйел ашу шақырса, сиырдың өзі сүтін кем береді.

Сөздің қысқасы жақсы,
Жігіттің ұстасы жақсы.

Қойға өзінің екі құлағынан басқаның бәрі жау.

Аңды не көрінбеген атады,
Не ерінбеген атады.

Жүйріктің ажалы жалғыз қазық.

Оймақтың себі инеге,
Иненің себі түймеге.

Өтебай Қанахиннің қазақтың шұрайлы тілімен қағаз бетіне түсірген «Ата қоныс» кітабындағы орамды ойдан бір үзіндіні ұсынамын. Айналасындағы ағайынын қиянатқа қимайтын адал азаматтың бұл үзіндісі көпшілік оқырманға ой салмай қоймауы анық.

«Жиырма шақты қасқалдақ өздері түнеп шыққан қалың қамыс арасынан недәуір ұзап кетіп, суға қайта – қайта сүңгіп ашқарақтана қоректеніп жүр еді, енді бір кезде олардың үстіне үлкендігі қыр бүркітімен бірдей, ақ сары ителгі шүйліксін келіп. (Ол да ертеңгі астың қамын жемесін бе?)

Көбіне ашық ауыздау келетін, қарсыласуға сондай дәрменсіз қасқалдақтардың біреуі үрейлі бақырып қоя беріп еді, қалғандары көзді ашып – жұмғанша біріне бірі иін тіресе тығылысып жинала қалды да, о тоба, біреуі әдейі команда бергендей бір мезет бәрі де шалқасынан аунап түсті де, аяқтарымен сабалап суды аспанға шашып атқылай бастады. Аш қарын ителгі әрі айналып, бері айналып қаншама рет шүйліксе де, тырнағына ештеңе іліндіре алмай амалы құрып, жайына кетуге мәжбүр болды. Біраздан соң жыртқыш құс бұларға қайта айналып соғып еді, қасқалдақтар манағыдай істеді. Сонда деймін – ау, су құсының ішіндегі ең бір ашық ауызы, дәрменсізі, әлсіз бейшарасы қасқалдақ екеш қасқалдақтардың өзі қауымдасып, ұйымшылдық көрсетіп, ынтымақтасып пәрменді әрекет жасаса, ителгі тәрізді аса күшті және өлермен жыртқыш құсқа да алдырмайтынын, аяғынан шалдырмайтынын, оның бұларға түк істей алмайтынын өз көзіммен көргенде, көңілімде көп нәрселер ереуілдей бастады. Тіршілік атаулының бәрінде де осылай емес деп кім айта алар?» Бұл шығарма үзіндісімен – ақ  жазушы «соқырға таяқ ұстатқандай» қандай жағдайда болмасын бірліктің ауадай қажеттігі мен адамзатты, қазақты бірлікке шақырып тұрғаны анық.

Автордың кітапханамызда кітаптары аз болғандықтан Ө. Қанахиннің тағы да кітаптарына тапсырыс беруге ұсыныс білдіремін. Біз ұсынған мақал – мәтелдер, нақыл сөздер мен үзінділерді оқып, пікір білдірулеріңізге мархабат. Сарқылмайтын қазынаға бай болып, кітап оқыңыздар.