Аңыз бен ақиқат

Аңыз әңгімелер - халық ауыз әдебиетінің жанры. Оқиғасы шындық өмірден алынғанымен, ауызша айтылып таралғандықтан, фольклорлық сапалармен толыққан көркем шығарма. Мифті аңыздан, ал аңызды шежірелі сырға толы көне әңгімелерден айыру қиын - ақ. Аңыздар тарихта шын мәнісінде болған әлдебір оқиғаларға құрылады әрі осы оқиғалар көбіне – көп нақты бір мекенмен, тау - таспен және өзен - көлмен байланыстырылады. Мұңдай аңыздар топонимикалық деп аталады. Себебі, олар белгілі бір жағрафиялық нүктенің неліктен солай аталатынын түсіндіреді. Топонимикалық аңыздарға Бурабай, Баянауыл, Жеке батыр, Екібастұз т.с.с жер - су аттарымен байланысты аңыздар жатқызылады. Осы сынды Сарыарқа жерінде де әр түрлі аңыздар бар. Атап айтсақ қасиетті Қарқаралы жерінде орналасқан "Шайтанкөл" көлі жайлы аңыз.

Бұл көл алғашқы кезде "Әулие көл" атанған. Баяғыда бұл көлді әулие мекендеген, суына беті - қолын жуған деп жұрт киелі су санапты. Жұма сайын қожа - молдалар бастаған байлар келген екен. Жағасында құдайға арнап мал сойып, құран оқысады. Шаншар ішінде Торсықбай дейтін қу болған. Бірде сол әлгіндей топтық үстінен шығады, құрбанға шалынған малдың мол етінен қарбыта асап, сары қымыздан сылқыта жұтармын деп жұтынады. Бірақ жуандар жыртық шапанды кедейді табаққа жолатпайды. Бұған қорланған қу ішінен «Тұра тұрыңдар, бәлем!» - деп кете барады. Бір күні әлгілер көлдің басына тағы жиналады. Шартық қарын шүй желкелер мол табақты алдарына енді ала бергенде жақын жерден үрейлі үн шығады. Артынша тастардың бірінен сақалы сала құлаш, шашы жалбыраған бір мақұлық селтиіп шыға келеді. Үрейі ұшқан қожа - молдалар күбірлеп дұға оқиды, бірақ әлгі пәле тайсалмайды, дауысын құбылтып, құтырынып жақындай береді. Сол кезде қатты үрейі ұшқан бір бай орнынан ұшып тұрып, көзі алақтап: – Ойбай, шайтан! – деп төмен қарай зыта жөнеледі. Қорқып отырған жұрт орындарынан қопарыла тұрып, тым-тырақай қашады. Оларды шайтан боп үркітіп жүрген Торсықбай ешкі терісінен жасаған кепті шешіп тастап, «пісмілда» деп, жайрап қалған асты қолға алады. Содан бері Әулиекөл осылай «Шайтанкөл» болып аталып кетіпті.

Тарихтың терең қойнауларынан орын алып, аңызға айналған оқиғалардың өтірік – шынын тексеріп жатудың өзі ақылға сыймайтын нәрсе. Олар ойдан шығарылған оқиғалар болғандықтан да – аңыз. Ақындар мен жазушылар шабытының ғаламат қайнар көзі – халық қиялы бәрін де өзі ойлап тауып, қиыннан қиыстырып түсіндіріп берген. Алайда баяғы замандарда өткен тарихи тұлғаларға, оқиғаларға тікелей байланысты аңыздар да көптеп кездеседі. Бірақ қазіргі уақытта мұны дерек құжатпен дәлелдеу қиын. Сондықтан да бұл оқиғалар аңыз – хикаяларға айналып, оқырманға сонысымен де қызғылықты болып отыр.

Аңыздар – халықтың ауызекі шығармашылығының ерекше жанры, оларда халық қиялы нақты жадығаттарды емін – еркін сапырып, оқиғаларды өзінше пайымдайды.

                                                                             Ақпараттық – библиографиялық қамтамасыз ету
                                                                             бөлімінің кітапханашысы: Насреддинова А.Н.