Біртуар Байзақов

Биыл қазақтың айтыс өнері тарихындағы ұлы құбылыс, суырып салма ақыны, тегеурінді әншісі, керемет композиторы, сахна әртісі - Иса Байзақовтың туғанына 120 жыл толып отыр. Ол Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Үлгілі ауылында 1900 жылы дүниеге келген. Әкесі Байзақ ескіше хат таныған, ән салып, өлең шығарған сауыққой кісі екен. Анасы ерекше үнді әнші болып, Иса 9 жасқа келгенде ол қайтыс болған. Өлеңші, әңгімеші нағашы әжесі Жанбаланың бауырында өскен. Нағашы ағасы Рахмет домбыра тартып, ән салуды үйреткен. Жасынан «Домбырашы бала», «Әнші Иса» атанады. Иса – 9 жасынан бастап ұстаған домбырасымен дүниеден өткенге дейін бірге жасаған адам.

1932 жылы Қарағанды радиосында әнші ретінде жұмыс істеген. Осы уақытта радиоға оның көптеген өлеңдері мен әндері жазылған. Қарағандыда шығармашылық қабілеті нығаяды. Әкесі Байзақ, ағасы Мұсаның қызы Апуза қайтыс болып, осы Қарағандыға жерленген. 1936-1937 жылдары Семей қаласындағы театрда әйелі екеуі қызмет істеп, көптеген рөлдерді сомдаған. Концерт кезінде арқаланып, өлең-жырды түйдек - түйдегімен тастаған. Көбі жазылып алынбаған.

«Құралай сұлу» поэмасы - ақынның 24 жасында шығарған тұңғыш еңбегі. 1925 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында жарияланып, 1926 жылы Қызылордада жеке кітап болып басылып шыққан. «Ақбөпе» - өте көркем жазылған терең мағыналы поэма. Иса ақын дастандарды нақты оқиғалар, өмірде болған адамдар жайында жазған. Тіпті кейбір табиғат көріністерін қаз-қалпында поэзия тіліне түсірген. Исаның атақты «Желдірмесін» білмейтін қазақ кем де кем. Оның бесінші «Желдірмесі» Қарағандыға арналған. Өзіне дейінгі ақындардың асыл дүниелерін көкірегіне құйып алған қазыналы өнерпаз, Әміре, Ғаббас, Қали, Майра, Қалибек, Елубай, Қапан, Серке, Құрманбек секілді ұлттық театрымыздың үркердей шоғырының ортасындағы шоқтығы биік сахна жұлдызы, Кемпірбай, Шашубайлар сияқты ат үстінде жүріп-ақ, алуан түрлі акробатикалық өнер көрсететін ойынпаз. Денсаулығына байланысты майданға бармаған Иса соғыс жылдарында Жазушылар Одағының ең мықты үгітшісіне айналған. Ол майданға аттанып бара жатқан жастарға да, елде еңбек етіп жатқан адамдарға да жалынды жырларымен дем беріп, жеңіске рухтандырады. Концерттен түскен өзінің қаржысын түгелдей майдан қорына – танк колоннасына аударып отырған. Оның қосқан үлесі 1 миллион сомнан асып түскен. Соғыс кезінде Қазақстанда майдан үшін Исадай еңбек еткен, ондай қаржы қосқан бірде – бір ақын, жазушы болмаған. Шығармаларының бәрін жатқа білген. Қысқа өлеңдерімен қоса оншақты поэма жазған.

Иса Байзақов – өзінің қысқа ғұмырында өнімді еңбек еткен, қазақ әдебиетінің алтын қорына елеулі үлес қосқан жан. Исаны 1946 жылдың 3 қыркүйегінде Алматыға жерлеген. Балалары Махпуза мен Ертістен тараған ұрпақтары бар. Ақын атында облыстық филармония, көше, мектеп бар. Ол жайлы Н.Ановтың «На литературных перекрестках», қызы М.Байзақованың «Өнердегі өмір» атты естеліктері мен А.Жақсыбаевтың «Иса ақын» романын оқыңыздар. С.Мұқанов «Иса - бір Алланың пендені таң қалдыруға жіберген өкілі еді», - деп жазғанындай ақын шығармашылығы мәңгі жасай береді.

                                                                           Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторы
                                                                           Ахмадиева А.С.