Бала жүрегінің бағбаны – Қымбат апай

Республикалық «Айгөлек» балалар журналының автор – редакторы, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР журналистер одағының лауреаты апайымыз Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Өрнек ауылының тумасы. Туған әкесі Аманжолұлы Түлкібай, шешесі Ермекбайқызы Қаламқас. Бірақ, әкесінің немере туысы Қылаубайұлы Әбілда мен әжесі Жұманқызы Дәмелінің бауырында өскен. Олар оны Қыпан деп еркелетіп атаған. Бала шағынан ата - әжесінен алған дін жайлы мағлұматы мол болып, өнегелік сөздерге, ән мен жырға қанып өседі. «Бойымдағы кішкентай жақсылық болса, сол кісілердің өмір – өнегесінің арқасы», - деп жиі айтады екен. апайымыз. Мектепте аға тәлімгер болып еңбек жолын бастаған. ҚазМУ-дың филология факультетін бітіргеннен кейін аудан мектептерінде мұғалім болған. Кейіннен Алматыға қоныс аударып, халыққа білім беру саласында, телеарнада қызмет істеп, жастар хабарларын дайындауға қатысқан. Қазақ радиосында 14 жыл бойы балаларға арналған хабарларды жүргізген. Сондықтан балалар әлемі жанына жақын болғандықтан балалар журналын шығарған. «Айгөлек» журналы – Қымбат апайдың бел баласы. Журналдың алғашқы бетінен - ақ әр арнау өлеңі өз жан тебіренісін танытса, әрі қарай түрлі тақырыпты қамтыған айдарлары бала тұрмақ үлкенді де магнитше тартады. Құныға оқып, көп дүниені танып, жан сарайың ашылады. Баланың ішкі әлемі ақ қағаздай. Келген әр хат ол кісінің назарынан тыс қалмайды. Осы журнал арқылы талантымен танылып жүрген қаншама бала өсті. Тәрбие, тіл, Отанды сүю, білімді болу, кітап оқуға үндеу, адал болу, жақсыны тану, үйрену – баланың басты міндеті екенін уағыздаудан Қымбат апай жалықпайтын жан.

Сендер менің жүрегімді қопарар,

Сендер мені жұмаққа да апарар.

Сендер менің мәңгі жасыл көктемім,

Бағбаның боп жүргенім сол, боталар! - деген ақ жүрек апамызға мықты денсаулық, шалқар шабыт тілеймін.

«Айгөлек» - біздің кітапханамыздың кішкентай оқырмандарының сүйікті журналы. Бұл басылымға жыл сайын үзбей жазылып келеміз, өкінішке орай апайдың балаларға арналған жеке жыр жинақтары біздің қорымызда жоқ, тек «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен шыққан «Арқаның ақ таңы» жинағына енген өлеңдері ғана бар. Алдағы уақытта апайдың жыр жинақтары кітапхана қорына келетініне сенім артамын.

Өзіңді сарқып құйсаң ойлы өлеңге

Сөзіңе қызығамын ел де, мен де.

Таптайсың маубастарды табаныңмен

Сүйектен өткізесің сөйлегенде! – деп Жүрсін Ерман ағамыз айтқандай апамыздың айтары мен жазары таусылмасын!

Көпшілікке қызмет көрсету секторы: Ахмадиева А.С.