Жұмбағына Азияның үңілген

Биыл атақты жиһанкез, кемеңгер әлеумет көсемі Г.Н. Потаниннің туғанына 185 жыл.

Григорий Николаевич Потанин 1835 жылы 22 қыркүйекте қазіргі Павлодар облысы, Ертіс жағасындағы Ямышев селосында туған. Этнограф, шығыстанушы, саяхатшы, гуманист, фольклортанушы, түркі тілдерін, соның ішінде қазақ тілін жетік білген маман. Азияны зерттеген атақты ғалым. Ол өзінің ұзақ өмірін Орта, Орталық Азияның жерлерін, ондағы тұрғын халықтарының әдет-ғұрыптарын, географиялық жағдайын, этнография тарихын зерттеуге жұмсады. Жасынан ғылымға құмар, барлық ғұмырын туған Отанының табиғат һәм тұрмысын үйренуге жұмсаған, ғылым жолында есепсіз көп қызмет еткен Потанин – сібірдің санаулы ұлының бірі һәм біріншісі. Орталық Азияға алғашқы саяхатын Н.М. Пржевальскийден бұрын 1863 жылы жасаған. 8 рет саяхат жасап, 36 жыл бойы, 1899 жылға дейін, ауыр жағдайда жүріп қажымай – талмай зерттеді. Сібірге 5 ірі экспедиция жасады. Ғалым, географ алғашқы зерттеу жұмыстарын өзінің туған Отаны Қазақстан жерінен бастаған. 1863 жылғы бірінші экспедициясында Оңтүстік Алтай мен Зайсан қазан шұңқырын зерттеді. 1864 жылы – Тарбағатайды, одан кейін 1876 жылдан бастап Орталық Азияны зерттеген. Ол 1876-1877, 1879-1880, 1883-1886, 1892-1893 жылдары саяхат жасады. Бұл экспедициялардың бәрінде де өзінің сүйікті зайыбы әрі көмекшісі А.В. Потанина бірге болады. Осы экспедицияларда жиналған мәліметтер совет дәуірінде толықтырылып басылып шықты.  Семей қаласы негізгі экспедиция базасы, Алтай саяхатшының таңдаулы жері болды. Экспедициялардың көбі Зайсан қаласынан шығып отырған. Семейде ол қазақ халқының өмірімен толық танысады. . Атақты ғалым географтың барлық ғылыми – зерттеу жұмысы Қазақстанда басталып, осында аяқталады.

Григорий Потаниннің есімі қазақтың көрнекті ғалымы және ағартушысы Шоқан Уәлихановтың есімімен, оның бүкіл өмір бойындағы шынайы достықпен тығыз байланысты. Жан – жолдасы Шоқан айтқан қазақ халқының тарихы, әдет – ғұрпы, ғалымды халық аузындағы бай аңыздар қызықтыра түседі. Бұларға толық түсініп, терең зерттеп, жазып ғылымға енгізуге Григорий Николаевич белсене кіріседі. Шоқанның өлімінен кейін көп салалы және баға жетпес туындыларды жинақтап, басып шығарып, Шоқантану ғылымының дамуына үлкен үлес қосты. Этнограф сонымен қатар қазақтың белгілі тұлғалары Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Мұса Шорманов, Әлімхан Ермеков және Жақып Ақбаевтармен жақын араласқан. Әлихан Бөкейхан ғалым туралы «Ол қазақтарға өзінің туыстары ретінде қарады. Оның бұл өмірде жасаған жұмысы, мінезі әулиенің өміріне ұқсас» деген.

Потанин өмірінің соңына дейін Азияны зерттеу жұмыстарымен айналысқан, көптеген еңбектер жазып шығарды. Көзі көруден қалып қартайған кезде де, ол жазу жұмысын қалдырмайды. Жолдастарына дауыстап, оқып береді де, олар жазып отырып, ақырғы еңбегін шығарады. 240 –қа жуық іргелі жұмыстардың авторы, 75 баспа бетіне этнографиялық материалдар жинады, соның ішінде 222 ертегілер, өлеңдер, аңыздар мен дәстүрлер.  Қазақ фольклоры үлгілерін, жалпы түркі тілдес халықтардың ауыз әдебиетін жинап, «Қазақтардың және алтайлықтардың аңыздары, аңыз – әңгімелері мен ертегілері» (1916) атты еңбегін жазды.

Саяхатшы ғалымның есімімен Батыс Қазақстан тау жүйелерінің бірі – Наньшаньдағы жоталар, Алтайдағы Таван-Богдо-Ула тау торабындағы мұздық, Ресейлік Сібірдің Томск, Новосибирск, Омск қалаларындағы көшелер, Қазақстанның Петропавл, Алматы, Астана, Семей, Өскемен қалаларындағы көшелер, Павлодар облысында мектеп және тарихи-өлкетану мұражайы аталған.

Г.Н.Потанин 1913 жылы Қарқаралы қаласында, Қоянды жәрмеңкесінде болған, Қарқаралы қаласындағы қызыл қыштан құйылған еңселі ғимараттың сыртына «Бұл үйде 1913 жылы этнограф-ғалым Потанин болды» деген жазуы бар мемориалдық тақта қойылған. Қазір аудандық кітапхана жайғасқан Потанин үйі - өзінің архитектуралық орындалысы жөнінен Қарқаралыда сақталып қалған сирек ғимараттың бірі.

Кітапханамыздың кітап қорында саяхатшы ғалымның «Труды по этнографии и фольклору» деген орыс тіліндегі кітабы бар, және де ол туралы жазылған көптеген әдебиеттер бар.  

Жұмбағына Азияның үңілген  саяхатшы ғалым Г.Н. Потаниннің саяхаттары, әрбір баға жетпес еңбектері - өшпес мұра.

                                                           Абонемент бөлімінің кітапханашысы:
                                                          Орымбай Ш.