Қала баласы мен – дала баласы

Қазақ о бастан-ақ бала тәрбиесіне жіті мән берген. Ақыл-ойы мен парасатын, қиялын қашан да дамытып отырған. Айтайын деп отырғаным бұл емес, балалық шақ немесе баяғы бізге сағыныш болып сағымға айналып бара жатқан  біздің балалық шағымыз бен қазіргі жас жеткіншектердің балалық шағы болмақ. Бұл екі балалық шақтың арасы мен айырмашылығы жер мен көктей.  Сонымен қатар балаларды да екіге бөліп қарауға болады. Қала баласы мен дала баласы деп.

Алдымен дала баласынан бастасам. Таңғы ұйқысынан терезе алдындағы тал-терекке қонақтаған құстардың әсем үнімен оянып, далаға шығып кеудеңді самал желге тосып тұрғаныңда, жасыл желек пен гүл біткеннің басын таңғы шық шалып, хош иісін аңқытып  мұрыныңды жарады емес пе?!. Таңғы шайға деп ерте тұрған анам бауырсақ пісіріп  дастархан сәнін келтіруші еді. Шайыңды ішер ішпестен көрші-қолаңдағы балалар келіп барлығымыз сенің үйің менің дастарханым демей бір үстел басында отырып шәйімізді ішіп, болған соң ойынға кететінбіз. Ойын демекші: - асықтан бастайыншы біз ең көп ойнаған ойын бұл. Оның ішінде: «Шеңбер», «Шымкент», «Хан талапай» т.б. ойындардың шаңын шығарушы едік. Ал енді маған асық қайдан келді дегенге; ол уақытта қонақ, той-думандар, соғым сойылса да дастархан жайылушы еді. Қазір ғой қалып бара жатқан үрдіске айналып бара жатыр. Міне сол дастарханда асықты жіліктен жинап әкелетін жарықтық марқұм әжем. Сол бір ғана асықтан жаңағы асық ойындарынан асық жиналатын. Қыр басынан қына жинап, жиналған асықтарды бояу да бір ғанибет сәттер ғой шіркін. Тағы да бір айтарлық дүние ол анаңның ыстық пештен алып шыққан таба нанынан үзіп, сары майды жағып алып асағандағы дәм. Бұл дәм таңдайда мәңгі қалатын дәм. Немесе дүкенге нан әкелуге жіберсе, ол нанның жан-жағын мүжгілеп келмеген жан жоқ шығар, сонымен бірге ол кездерде  әлеуметтік желі, ұялы телефон деген атымен болмаған. Біздің ой-өрісімізді кеңейткен де сол дала ойыны. Шыбықты ат қылып мініп шапқылап, құмға аунап, тах-тах ойыны (соғыс ойыны), қызыл галстук (ортаға ұзын сызық сызылып екі командаға бөлініп екі жаққа алысырақ екі шеңбер сызып ішіне бір зат қойып, сызықтың бер жағынан ар жағына қарсыласыңа ұстатпай шеңберлеріндегі затты өз шекараңа алып шығу ойыны). Кеш қараңғысы түскенше ойын қуып ай жарығымен бір үйдің ауласына жиналып ертегі айтуға кірісуші едік.

Ертегі демекші – түнгі ұйқыға жатар алдында әкеміздің екі жағына жатып алып ертегі тыңдайтынбыз. Тыңдап жатып қиялға еніп ұйқыға кететінбіз. Айта берсем ақтарыла беретін әңгіме бұл.

Мен не үшін бұл тақырыпты қозғап отырмын. Есейіп ер жеттік, жеке шаңырақ болдық. Даладан қалаға қоныс аудардық. Әлеуметтік желі, ұялы телефон, компьютер пайда болды. Технология дамыды. Қала көшесінен үйлердің ауласындағы балалардан дала баласы ойынын өте сирек кездестіремін. (Бұл жайт  қазіргі таңда дала баласынан да сирек кездестіруге болады әрине) Олар ертегі орнына қолдарына бір-бір смартфон ұстап қазіргі жаңадан шығып жатқан ұялы телефондағы ойындарды жүктеп көгілдір әйнекке үңіліп әлек. Мен жеткіншек жас буынға технологияға емес табиғи кітап атаулыға құмар болса екен деймін. Біз оқыған балалар әдебиетінен

  • Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа»
  • С. Мұратбековтың «Жусан иісі», «Жабайы алма» кітаптарын ұсынар едім. Оларға ертегі айтып беретін де қарттарымыз сиреп барады. Адамға өкпелейін десем заман солай болып бара ма деймін.

Мен оларға қараймын да нағыз балалық шақ қалада емес, ауылдың көшесінде көтерілген шаңның арасында қалғанын айтқым келеді.

  • «Қайдасың жусан иісі»???
  • «Қайдасың жабайы алма»??? Мен дала баласымын.

                                                                                                  Негізгі қорларды сақтау бөлімінің
                                                                                                  кітапханашысы: Ақбергенов Е.Е.