«Қазақтың бір қызымын...»

  Айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Надежда Лушникова 22 қарашада 80 жасқа толады.

Ұлағатты Жамбыл бабамыздың босағасын келін боп аттаған Надежда Лушникова ауыл тұрмысын, адамгершілікті, адалдықты, достық пен махаббатты жырлап келеді. Айтулы сөз шебері суырып салма ақындығымен де көпшілікке кеңінен танымал.

Ел-жұртын ұзақ жылдар бойы татымды да, тартымды өлең жырларымен тәнті етіп келе жатқан ақын қыз:

Ел десе тыпыршыған алау қанды,

Еншіме ақын жүрек жаралған-ды.

Ендеше отпен, сумен суғарамын,

Өзіме балдай тәтті қайран жанды, - деп жыр төгеді.

1940 жылы 22 қарашада Алматы облысы Қарасай ауданында дүниеге келді. Жастайынан домбыра тартып, ән орындаушылығымен, жазба әрі суырып салма ақындығымен де белгілі болды. Еңбек жолын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған жас қыз, 1962-1984 жылдары Қызылорда облысы Сырдария ауданы комсомол комитетінің хатшысы, Қызылорда облысы «Ленин жолы» газетінде әдеби қызметкер, ауыл мектептерінде мұғалім болып еңбек етті. 1985 жылдан Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Ү. Кәрібаев мұражайының директоры.

27 жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берген ақын, өмір бойы ауылда тұрып келеді. - Ауылдағы ағайын тұнық. Қазақ тілін-қанып ішкен,бұлақтың қайнар көзіндей таза. Алмағайып заманда құшақ жайып қарсы алған қазақтың тілін білуге, шаттығына ортақтасуға, тілеуін тілеуге кім қарсы болсын? «Қанша тіл білсең,сонша рулы елің болады» деген сөз бекер айтылмаған ғой-деп, - ашыла әңгімелейді ақын апамыз.

Өлеңнен өрнек өруге, айтыстың киелі сахнасына жетелеген ақын Асқар Тоқмағамбетов ағам еді деп сағынышпен еске алады ұстазы жайлы. «Асекең көзін жұмғанда» атты өлеңінде.

Асеке, басың көтер қызың келді,

Ерттеп ап алатаулық ызың желді.

Топыраққа қайтып қиям, қайтып қиям,

Өн бойын жыр жайлаған сіздей кенді, - деп сыр ақтарады ақын қыз.

1961 жылы ҚазМУ-дің ескі ғимаратында Қазақстан Жазушылыарының жиыны болып, қаламынан төгілген жыр жолдарын заңғар жазушы М. Әуезовтің алдында оқуға мүмкіндік туады. Президиумда отырған М. Әуезов ғалым Мүсілім Базарбаевты жіберіп, шақыртып алып, аялы мөлдір көзімен барлай қарап алып: «Ойпырм-ай, қарлығаштай ғана орыс қызының жүрегіне қазақтың жақсы сөзі қалай ғана қонып, әдемі ұялаған?»,- деп таңғалған екен.

Алғашқы өлеңдері Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде 1958 жылы жарық көрді. 1965 жылы оның алғашқы кітабы «Елім менің» деген атпен шықты. Кітаптың редакторы Ж. Нәжімеденов болатын. Бұдан соң, әр жылдары «Көңіл қошы», «Сағынарсыңдар мені де», «Қазақтың бір қызымын» атты жыр жинақтары оқырманымен қауышты. Айтыстары «Жыр шашу», «Мәңгі көктем» (1988) жыр жинақтарына енген.

                        Айтыстың жолын салған Жамбыл, Кенен,

                        Ізімен аталардың самғап келем,- деп отты жырларымен дәстүрлі айтыс өнерінің жаңаша дамуына үлес қосса,

Сар бала, араңызда қара қыз бар,

Өмірге жүрек- көзбен қараңыздар.

Ел-жұрттың жоқшысына жарамасақ,

Айтыста, айтыңдаршы, не маңыз бар? - деп, жырымен ақындарға салмақ салады.

«Қазақ халқы мені қызым деп еркелетті. Кейінгілер әпкем деді. Енді апа деп сыйлайды. Қазақтың Жәкеңінен жұққан сөз өнерінің арқасында халық әлі күнге «Надеждам» деп, алақанына салып келеді. Ризамын.

Тірлікте дүние жисам тыраңдаумен,

Замандас, жүрегіңнен сыр аңдар ма ем

Жалғанда бір армансыз болса, менмін,

Зуылдап қатар аққан қырандармен».

Бұл ақын жүректі, ұлты орыс, қазақ қызының жүрек жарды сөзі.

 

 

                          Оқу залының кітапханашысы: Айтбаева К.