«Бабалар аманаты» - ұлттық құндылықтар қазынасы

  «Қай ұлттың болсын ана тілі, ата дәстүрі, салт-санасы - сол халықтың өзіндік қадір-қасиетін, жан дүниесін, тұрмыс-тіршілігін көрсететін төл белгілері. Олар - бүкіл бір халықтың өмір жолында ғасырлар бойы мысқалдап жинаған рухани қазынасы, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған ардақ-мұрасы. Онсыз қара шаңырағы бар іргелі ел болып, бүтін ұлт болып қалу мүмкін емес. Ана тілі, ата дәстүр өзінен-өзі жалғаспайды немесе біреу сырттан келіп сен үшін көсегеңді көгертіп сақтап та бермейді. Халықтың өз бет-бейнесінен айырылуы не сақтап қалуы - әрбір ұрпақ өкілінің өзінен кейінгі ізбасарларына бабалар аманатын қай сапада жеткізуіне байланысты». Иә, Бауыржан Момышұлының бұл сөзі - тұтас бір ұлттың болашағын ойлап айтқан аяулы өсиет. Ол кісінің ұрпағына айтқан өсиет сөздері, қайтпас қаһармандығы мен шынайылыққа толы ғұмыры әрдайым бізге үлгі болып келеді. Осындай ұлы тұлғаның бүкіл болмысын бір кітапқа сыйғызып, келешек ұрпаққа сарқылмас қазына бере білген Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабы ұлттық тәрбиенің көзі.

Әр бір ананың көкейінде өзі тәрбиелеп отырған баласының келешегінің іргетасын қалауда қандай салиқалы әңгіме айтып, қандай ұлттық салт-дәстүрлерімізді санасына құйып тәрбилеп жүрміз деген сұрақ туындайтыны рас. Осы сұраққа жауапты іздеу барысында жоғарыда айтылған Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабы қолыма түсті. Кітапты оқи отырып  қазақ халқына қажет тәрбиелік мәні зор туынды және әр шаңырақтың төрінде тұруға лайықты шығарма екенін ойға түйдім. Қазіргі заманда ана тілінің құндылығын, отбасылық тәрбие мәселесі, отанға деген сүйіспеншіліке тәрбиелеу сияқты қоғамдағы өзекті мәселелер осы шығармада айқын көрініс табады. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген ұлағатты сөздің астарын елі мен туған жері үшін қажырлы қызмет, елеулі еңбек еткен Бауыржан атамыздың өнегелі өсиетерінен шөлімді қандырғандай болдым.

З.Ахметова ұлы батыр атамыздың әңгімелерін шынайы күйде мөлдіретіп баяндайды. Біздің азат еліміздің жас ұландары ұлттық салт-дәстүрді бізге жеткізетін осындай кітаптардың арқасында ғана қазақы болмысты сақтап, ақыл қуатының сарқылмас қорына қол жеткізе алады деп ойлаймын.

Ендеше, келешек ұрпақ тәрбиесіне бүгіннен көңіл бөлгеніміз абзал. Осы айтылған тәрбие, салт-дәстүр, жөн-жоралғылар туралы терең ой қозғап, көптеген жас буынның дұрыс бағытта тәрбие алуына үлесін қосып келе жатқан Зейнеп Ахметованың: «Бабалар аманаты», «Шуақты күндер» (екі тілде) кітаптарын сондай-ақ, мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалаларын кітапханамыздан ала аласыздар.

 

                          Құжаттарды цифрлау және өңдеу секторының кітапханашысы: Мухамбетчина Г. С.