Тәуелсіздік желтоқсаннан басталады

Шынымен де Тәуелсіздік желтоқсаннан басталады. Себебі, 1986 жылғы Желтоқсаннан кейін қазақ елінде ұлы өзгерістер орын алып, ең бастысы – Тәуелсіздікке қол жеткіздік, еліміз егемен болды, тұңғыш Президентіміз сайланды.  Сондықтан халық Желтоқсан десе Тәуелсіздікті, Тәуелсіздік десе Желтоқсан көтерілісін айтатын болды.  Сөйтіп Тәуелсіздік пен Желтоқсан бір ұғым болып барады.

1986 жылғы желтоқсан көтерілісі Қазақстанның барлық облысын дерлік қамтыған жалпыхалықтық көтеріліс болды. Оған қазақ жастары ғана емес, өзге ұлт өкілдері де қатысты. Желтоқсан көтерілісі - ұлттық рухтың қуатын, елдік пен ерліктің мұратын танытқан көтеріліс.

Желтоқсан оқиғасының шығу себебі - 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Орталық Комитетінің бесінші пленумы  Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың өз еркімен қызметінен босатылып, оның орнына қазақ халқынан еш хабары жоқ, халықпен мүлдем таныс емес В. Колбиннің билік басына келуі. Өз наразылықтарын білдірген қазақ халқы «Қазақты қазақ басқару керек» деген ұранмен бейбіт шеруге шықты. Билікке өздерін толғандырып жүрген мәселелерін айта отырып, басшылық орынға лайықты адамды сайлау керек деп  басталған бейбіт шеру 1986 жылы 17 – 18 желтоқсанда қанды оқиғаға айналды. Бейбіт алаңға шыққан жастарға жала жабылып, «ұлтшыл, маскүнем» деген кінә тағып, олардың пікірін құлақтарына қыстырмай, жастарды ұрып соғып, оларды жасырып қамауға жабуға тырысқан. Бұл ұлттық санасы енді оянып келе жатқан халықтың ашу – ызасына тиіп, қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы наразылығы патшалық Ресей жүйесін тас – талқан етіп, орын алған әділетсіздікке нүкте қойды.

Ел Тәуелсіздігінің бастауы болған Желтоқсан оқиғасы – қазақ рухының, намысының, қайсарлығының, бірлігінің асқақтаған күні еді. Ол – әлем жұртшылығына мына жер планетасында қазақ деген батыр, ержүрек, қайсар ұлттың бар екенін сездірген күн еді. Бұл көтеріліске қатысқан қазақ жастарының ерлігі - ұрпаққа мәңгі өнеге.

Қазақстан тәуелсіздігін алған соң Желтоқсан көтерілісі туралы шындық қалпына келтіріліп, бұл жөнінде «Желтоқсан. 1986. Алматы.» (құрастырылған Т.Өтегенов, Т.Зейнәбілов), «Желтоқсан құрбандарын жоқтау», «Ер намысы — ел намысы» жинақтары, К.Тәбейдің «Мұзда жанған алау», Т.Бейісқұловтың «Желтоқсан ызғары» кітаптары мен «Желтоқсан» (бас редакторы Х.Қожа-Ахмет) газеті жарық көрді, «Аллажар» (1991, реж. Т.Теменов), «Қызғыш құс» кинофильмдері түсірілді.

Құрметті оқырман, кітапхана қорынан еліміз Тәуелсіздік алған сәтінен бастап бүгінге дейінгі жүріп өткен жолы туралы баспадан шыққан әдебиет туындыларымен таныса аласыздар. Атап айтсақ, Қ.Аймаханның «Тәуелсіздік желтоқсаннан басталады», Қ. Табеевтың «Қазақтың желтоқсаны», М. Қозыбаевтың «Киелі Тәуелсіздік», О. Асқардың «Тәуелсіздік тартулары» және т.б көптеген шығармалар кітапхана қорында бар.

Кітаптарда ел Тәуелсіздігінің елең – алаңындағы адамдар тағдырын, мемлекетіміздің апыл – тапыл басқан қадамын әсерлі баяндап, ұрпаққа ұран болған тәуелсіздік қарлығаштары – қазақ жастарының ерлігі, оларды қолдаған бүкіл халықтың тағдыр – тауқыметі суреттелген мақалалар берілген. Мұрағаттық құжаттарға негізделіп жазылған бұл еңбектер қалың оқырман үшін ұғынықты тілде баяндалған. Көңіліңіз қалаған кітабыңызды біздің кітапхана қорынан алып, оқи аласыздар.

Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, егемендігіміздің ертеңі мәңгілік болып, еліміз жасап жарқырай берсін деп тілеймін.

                                                                                     Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету
                                                                                     секторының кітапханашысы Қадырова Г.Д.