Ұлтын сүйген ақындар

Қазақ жазба әдебиеті сонау Күлтегін жазбаларына барып тіреледі. Ал, Ақтамберді, Шалкиіздерден де бастау алатын жыраулар поэзиясы мен «Зар - заман» ақындарының туындыларынан батырлық пен өршіл рухты сезінеміз. Осы бай үрдісті адамзаттық гуманизм тұрғысынан жаңа жырлап Абай Құнабайұлы жаңа биікке көтерді. Ұлттық ойлау жүйемізді басқа арнаға бұрды.

Сондықтан да әдебиеттанушылар Абайға «қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы» деп баға беріп жүр. Өйткені, оған дейін жыр үлгісінде жатталып, қолжазбаларда тарап келген туындылар Абайдан бастап төрт жолдық өлең үлгісінде тасқа басыла бастады. Осы классикалық поэзияны Шәкәрім, Мағжан, Ілияс, Қасым сынды хас таланттар жаңаша байытып, Еуропалық реңк бере жырлап, әлемдік әдебиетпен терезесін тең қылды.

Ал, соғыстан кейінгі қуатты толқынның өкілдері Мұқағали Мақатаев осы қуатты поэзияны дамытып, қазақтың қарапайым тіршілігін түсінікті тілмен жалындата, жүрегін қолына алып, ақтарыла жырлап, ұлттың ішкі жанына үңіле түсті. Осындай өміршең өлеңдері топтастырылған «Өмірдастан» кітабын республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ұсынылды. Кітапта әр жылдары жазылған өлеңдері жинақталған.

Өрімдей жас кезінде-ақ, «Менің Қазақстаным» деген өлеңімен Қазақ даласын жалт қаратқан Жұмекен Нәжімеденов те адам айтса сенгісіз ізденістерге барып, қазақ жырына көзбен ғана оқылатын терең поэзияның озық үлгілерін сыйлады. Жұмекеннің жырларын құлақпен тыңдап түсіну мүмкін емес, оны қайта-қайта көзбен оқып барып түсінуге болады. «Поэзия – көзбен оқылуы тиіс» деп, жас буынға талап қойып сол талаптың үдесінен өзі толық шыға білген Жұмекен Нәжімеденовтің осы акция аясында «Менің Қазақстаным» атты кітабында өмір, тіршілік туралы толғамдары жазылған.

Қазіргі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет те Мұқағалидан бата алған бүгінгі таңдағы көрнекті ақындар қатарында. Өлеңдері бірнеше тілге аударылған. Оны жұрт «Көздеріңе ғашықпын», «Асығу» және тағы басқа ерекше жазылған өлеңдердің авторы ретінде таниды. Бала күнімізде «Қара пима» поэмасын жастанып оқыдық, оған Қарағандыда «Сұрыптау» елді мекенінде фильм де түсірілген.

Акция аясында «Киіз кітап» атты ұлттық бояуы қанық жинағы ұсынылды. Жинақта ақынның ел мен жер туралы  оқырманның ойы мен сезіміне қозғау салар әсерлі де өзекті өлеңдері топтастырылған.

Ұлтын сүйген ақындардың шығармаларын оқуды ұсынамыз.

 

Негізгі қорларды сақтау бөлімінің кітапханашысы: Ақбергенов Е.Е.