Қарашоқы тектілер мекені

Аршабеков Т.Т. Қарашоқы тектілер мекені / Т.Т.Аршабеков, А.Д. Бекқұлова. – Қарағанды : «Тенгри» баспаханасы, 2020 ж. – 292 б.

Туған жер – ол біздің алтын бесігіміз, кіндік қанымыз тамған жер – анамыз. Әр адам өз туған жерін мақтаныш етеді, қадір тұтады. Туған жерге қызмет ету - әрбір адамзаттың игі арманы, мақсат – мүддесі. Еліміздегі қолға алынып жатқан «Туған жер» жобасын жүзеге асыруда көптеген игі істер атқарылуда. Соның бірі - өлкемізді насихаттауға, шежіре тарихын білуге, жас ұрпақтың отаншылдық рухын көтеруге, тәрбиелейтін жаңа туындылардың жарық көруі.

Өзінің киелі өлкесін қадір тұтатын жерлесіміз, тарихшы ғалым, өлкетанушы Темірғали Аршабеков кітапханамызға тағы да бір туындысын сыйға тартты.

Кітапта Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Ақтау совхозына қарасты бір шеті Жамбыл облысымен, шығысқа қарай Қызылтау, Ортау, Шет ауданының жерлері, батысында тағдырлас «Райыс» жерімен шектесетін, тарихы сақ, ғұн дәуірлерінен басталып, бергісі Кенесары көтерілісі кезіндегі бекініс, кейін өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қой шаруашылығы ретінде құрылған «Ақтау» совхозының төртінші бөлімшесі болған «Ақтау» және «Сарытау» тау сілемдерін, одан төмен қарай Манақа өзеніне дейінгі жазықтықты жағалай мекен еткен, орталығы «Қарашоқы» ауылы саналатын елді - мекен Қарашоқы  жерінің тарихы мен этнологиясы  жайлы баяндалады.

Қарашоқы жерінің бәрі – шежіре, таңқаларлық тасқа жазылған тарих,ежелгі қоныс. Жинақта  ауылдың өркендеуіне еңбек сіңірген азаматтар, ардагерлер, спорт саласының саңлақтары, күйші – композиторлар, домбырашылар, әншілер, қолөнер шеберлері жан – жақты қамтылған. Сондай – ақ талай батырларды, би – шешендерді, өнер қайраткерлерін төсінде туғызған, талай тектілердің ізі қалған, еңбегімен еліне танылған аңыз адамдар шыққан мекен.

Бұл жинақ – сай – саласы, тау – тасы тарихи – мәдени ескерткіштерге толы, әулие жерлерге бай шежірелі құтты мекеннің өткені мен бүгінгісінен сыр шертеді.

«Кітап оқымай, өмірді білу, білім алу мүмкін емес», - демекші құрметті кітап сүйер оқырман қауым «Қарашоқы тектілер мекені» атты кітапты оқуға асығайық.

                                                                                       Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Б.Е. Алпысбаева