Алма жайлы біле жүрейік

Алма – раушан гүлділер тұқымдасына жататын өте кең тараған көп жылдық жеміс ағашы. Сәуір, мамырда гүл жарады, хош иісті, аралар тозаңдандырып, бал жинайтын өсімдік.

Алманың адам ағзасына пайдасы өте зор. Алманы күнделікті жеу сіздің саулығыңызды арттыратыны даусыз. Алманың құрамындағы көп  витаминдер  адам ағзасын нығайтады. Алманы өсіруші бағбандар алма көшетінің отырғызылған күнінен бастап, арнайы  қадағалайды. Көшеттерінің жаздық, күздік, қыстық сорттарынан 3 түрі өседі. Алма шырынынан  шарап пен түрлі сусындар дайындалады. Жемісін ағзадағы ауыр металл заттардан тазартуға, қан  бұзылу  және жүрек ауруларын емдеуге емдік дәрі ретінде қолданады. Әсем қаламыз Алматының аты да осы алмадан алынған. 1921 жылы 14 наурызда Верный  атауы Алматы болып ауысқан. Үлкен алма ескерткішінің қасында суретке түсуді алматылықтар өте жақсы көреді.

Белгілі ғалым Бэрри Джунипер «The story of the Aplle» атты кітабында және ұлы­британиялық жазушы Кристофер Роббинстың «Apples are from Kazakhstan»  атты кітабында алманың отаны Қазақстан екенін атап көрсетеді. Айта кетерлігі, Оксфорд университетінің биолог мамандары жаңа технологиялар арқылы алманың ДНК-сын зерттей келе, «Грэнни Смит», «Кокс орандж пиппинс», «Бромли» тәрізді алманың британдық сұрыптары да қазақстандық алмалардан таралғандығын мәлімдеген.

Қазақ әдебиетіне үңілсек, көрнекті ақын-жазушыларымыз өздерінің шығармаларында алма жемісін сұлулықтың символы ретінде сипаттаған. Қазақ қаламгерлері алма бет, алма ерін, алма жүз, алма мойын деген сөздермен хас сұлулардың суретін салған. «Қыпша бел, алма мойын сұлу Баян, Сипаты жаннан асқан ол бір серім!» деген жыр жолдарымен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында айдай арудың ажары мен шуақты шырайы бейнеленген. «Жақсы қыз – баға жетпес бір гауһар тас, Он алты, он жетіге жеткенде жас. Жәннаттың пісіп тұрған алмасындай, Қол жетсе, қандай жігіт ләззат алмас» деп жалынды көсемсөз шебері Міржақып Дулатов «Бақытсыз Жамал» романында аруды алмаға өте әдемі теңеген.

Менің есімім – Алмагүл. Яғни, алма жемісімен байланысты. Алманы кішкентай кезімде неше жасымда жегенім есімде жоқ. Бірақ үйге алманы әкелгенде, тәтті иіс бөлмені жайлайтыны рас еді. Біз апамның алманы қай шкафқа салғанын иісінен сезіп тауып алушы едік.

Алма жайлы мағлұматтарды алғаш ботаника пәнінен сабақ берген Гүлжамал Ыдырысқызы апайымыздың аузынан естідік. Әрине, алма жайлы жазған ақындардың өлеңдерімен бастауышта таныса бастасақ, «Алматының алмасы» атты ән сыныптағы 5 Алмагүлдің сүйікті әні болатын. Иә, біз  бір сыныпта бес Алмагүл едік. Қазақ балаларының ішінде Алма, Алмагүл, Алматай, Алмаш, Алмат, Алмабек есімдер көптеп кездеседі.

Баршамыз бала кезден оқып өскен жазушы Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» повесі ең алғашқы жолдарынан-ақ оқырманды ауылда алаңсыз алма теріп жүрген балалық шаққа саяхат жасатады. Шуақты шақтарға қиялмен қанат қақтырады, бақытты балалық шақтың қызығына батырады, сәулелі сәттерді сағындырады. Шығарма адамға алманың дәмін аңсатады. Жемісінің хош исі адамды бірден өзіне тартады. Оқырманды алтын бесік ауылына апаратын бұл шығарманы оқыған сайын әр адам балалықтың бағын аралап, жаны жадырай түседі.

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Алма бағында» деп аталатын драмалық туындысын білмейтін жан жоқ шығар деймін. Алманы сүймейтін бала жоқ. Балалар жазушысы, ақын Мүбәрак Жаманбалиновтің «Алма ағашы» атты еңбегінен түрлі тақырыптағы өлеңдер, жұмбақ, жаңылтпаштар, ертегілерді оқуларыңызға болады. Осы шығармалармен қатар кітапхана қорынан алма тақырыбына байланысты іздеген мәліметтеріңізді таба аласыздар.

 

Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторы: Ахмадиева А.С.