Qazaqtyñ aqyly - közınde, qasietı - sözınde

Қазақстан халықтарының тілдері күніне

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» - деп атап өткен еді.

50 жылда ел жаңа демекші, Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бағытында ауқымды шаралар жасалды: қазақ тілді білім беру ұйымдарының саны едәуір ұлғайды, басылып шығарылатын қазақ тілді ғылыми еңбектер мен көркем әдебиет туындыларының саны артуда, бұқаралық ақпарат құралдары да көбеюде, іс қағаздарын жүргізу айналымы да біржақты болып тұрақталуда.

Қазақ тілінің мәртебесін асырудағы үлкен қадам – латын әліпбиіне көшу. Жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Латын әліпбиі қазақи рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Бұл әліпби қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызға да ортақ әліпби болмақ.

Тіл – көңілге жылу беріп, жанға шипа да болады, жер мен көктің арасын жалғайтын дәнекер де болады, жарасы жазылмайтын, сүйектен өтер қару да болады. Қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Мәселен, «Абай жолы» романында бір ғана қардың көптеген сипаты бар: үлпілдек қар, мамық қар, ұлпа қар, мұздақ қар, жапалақ қар, ақша қар, ала қанат қар, анжыр, боз қырау, жылбысқа қар, көбік қар, күпсек қар, күртік қар, қасат қар, қиыршық қар, қылау, қырау, қырбық қар, омбы қар, сонар қар, сүрі қар, сіреу қар.... Ал батырлар жырлары тілінің көркемдігі қандай әсерлі десеңізші.

Ежелгі Орхон жазулары, руна жазулары бүгінгі көптеген түркі халықтарына тән тарихи деректердің көзін ашып беріп отыр. Ендеше Сұлтанмахмұт Торайғыров тіл туралы: «Ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сағынышы, онда дәм де, мән де болу керек» дегендей, тіліміз өлмесе, ертеңгі ұрпақ үшін, жалпы адамзат үшін үлкен мәнге ие болары сөзсіз.

2003 жылы ЮНЕСКО штабында, Парижде Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына ұйымдастырылған көрмеде өжет ақынның сан тілге аударылып ұсынылған өлеңдері қатарында аудармашылар тәржімасын жасай алмаған бір өлеңінің шумағы:

«Арқаның қызыл изені

Басы күрдек, түбі арал,

Қыдырып шалар аруана.

Кәрісі кімнің жоқ болса,

Жасы болар дуана...»

Махамбет қазақ даласының изені мен қазақ елінің қариясын теңегендей. Изеннің тамыры қалайша терең жайылса, қарттардың да өмірден біліп-түйгендері, даналықтары сондай терең, тарихымыздың көзі де солар. Осы шумақ өлеңді сіз қалайша түсіндіріп тарқатар едіңіз, қадірменді оқырман?