Сыр елінің сырбаз ақыны

Биыл Сыр өңірінің тумасы, бірнеше балалар жинағының авторы, қалың оқушы жұртшылыққа мәлім болған ақын Нұрхан Жанаевтың туғанына 80 жыл.

Ақын 1933 жылы 17 қаңтарда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы (қазіргі Сырдария), С.Сейфуллин атындағы кеңшарда дүниеге келген. 1955 жылы Қызылорда қаласындағы мемлекеттік педагогика институтының тіл және әдебиет факультетін бітіріп, Жаңақорған, Тереңөзек аудандарында мектепте ұстаздық еткен. Сонымен қатар қаламы жүйрік ақындығымен көптеген өлеңдер жаза бастайды. Бұдан кейін журналистика саласына ауысып, облыстық радионың тілшісі, Тереңөзек аудандық «Еңбек майданы» газетінде еңбек етеді.

1958 жылы Алматыға қоныс аударып, республикалық газеттерде, баспа, радио салаларында көп жылдар бойы қызмет атқарады.

Нұрхан Жанаевтың шығармашылығымен қалың жұртшылық етене таныс. «Жас дәурен», «Құстар ұшып келеді», «Мөлдір аспан», «Дәмді палау», «Сыбдырлайды жапырақ», «Дождик, дождик, поливай!», «Ақ көгершін», «Әнші торғай» тағы басқа бірнеше өлеңдері кітап болып басылып шықты.

Сонымен қатар ақынның бірнеше аударма өлеңдері бар. Орыстың балалар ақыны З.Александрованың, молдаван балалар ақыны И. Георгицэнің өлеңдерін ана тілімізге аударған.

Ақын көбінесе, өлеңдерінде өзі туып – өскен Сыр бойының жайсаң табиғатын, ондағы еңбек адамдарының жанқиярлығын, замандастарының жан күйін, адалдық пен жастық шақты жырлайды.

Біздің кітапханамыздың қорында ақынның «Қуанышты күн», «Өмір өрнектері», «Наз қоңыр», «Жанымның жазирасы» атты жыр жинақтары бар.

Атап айтар болсақ, «Қуанышты күн» жыр жинағында (өлеңдер, тақпақтар, ертегілер, жаңылтпаштар, жұмбақтар) берілген. Бұл жинақта балабақша бүлдіршіндерінен бастап, мектеп жасындағы жеткіншектердің балалық бал қылығын, ой-арман, тәтті қиялын, думанды дәуренін жырға қосады. Ал «Өмір өрнектері» атты жинағында ақынның әр түрлі тақырыпқа жазылған лирикалық өлеңдері енген. «Наз қоңыр» кітабында автордың соңғы жылдары жазған лирикалық өлеңдері жазылған.

Өкінішке орай, қазіргі таңда балаларға арналған өлең жазатын ақындар бірен - саран ғана. Ақын ағаларымыздың құлағына алтын сырға, балалар арналған өлеңдер мен тақпақтар көптеп жазылса нұр үстіне нұр болар еді.

Аңсап жүрем балалықтың бал күнін,

Демеуші едім онда баймын, жарлымын.

Әр күн сайын төсегімнен тұрушы ем

Қуанышпен қарсы алып таң нұрын. – деп, жырлаған ақын атамыздың өлеңдерін әрдайым дәріптеп жүрейік.

Құрметті оқырмандар! Нұрхан Жанаевтың шығармашылығы мен танысқыңыз келсе кітапханамызға келіп алып оқуларыңызға болады.                                                         

 

                                                                              Негізгі қорларды сақтау бөлімінің  міндетін атқарушы: М.А.Аманбекова