Туған өлке – тұнған тарих

Көгінде күн нұрын төккен,
Жерінде гүл жұпар сепкен.
Неткен сұлу, неткен көркем!
Осы менің туған өлкем!

Ө. Тұрманжанов

 

Әрбір адам үшін ең асыл қазына – Отанын, елін, жерін сүю. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы былай деген екен: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы, үлгісі санаған. Батырлық, ерлік деген ұрпақтан ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі –тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы батыр – батыр халық».

Жалпы, туған өлке дегенде есімізге балалық шағымыз түсетіні айдан анық, солай емес пе?! Сол туған жеріміздің ауасын, тау-тасын, табиғатын ерекше ұнатамыз. Туған жерге деген махаббатымыз шексіз.

Осы туған жер дегеннің қадіріне жетіп жүрміз бе ?- деген сауал келеді. Тарихқа көз жүгіртіп көрейікші, осы ұлан байтақ жер үшін, ел үшін қаншама адамның қаны төгілді, қаншама жастарымыз тәуелсіздік құрбаны болды. Қан мен тердің арқасында келген жерді қорғай, қастерлей білу міндетіміз. Алайда, осындай тыныш елде тұрып көптеген діни ағымның жетегінде кетіп жатқан жастарымыз көбейіп кетті. Осының бәрі діни сауатсыздық пен патриотизмдік сезімнің азайып бара жатқандығынан деп білемін. Қазіргі кезде өз Отанын сатып кеткен адамдар көбейіп кетті ғой...

Б. Момышұлының «Опасызға – Отан жоқ» деген сөзі осыған келеді. Осындай болып жатқан жағдайларға қарнымыз ашатыны бар. Біздің қолдан келері - болашақта қазіргі көріп жүрген қателіктерге бой алдырмау. Болашақ ұрпаққа ел мен жердің қан мен тердің арқасында келгенін насихаттау – біздің парызымыз. Атақты қолбасшы Шыңғыс хан былай дейді: «Өзімнен күш қуат кетсе де, ақыл ойдан адастырмасын, бүтін денем жараланса да, тұтас елім бөлінбесін» - деп айтуы Отанға деген ыстық сезімін, оның толыққанды азамат болуын, шекарасының мықты болуын, оны қарайтын адамның болуын, атамекені мен туған жеріне деген ықыласын көруге болады.

Туған жердің топырағы да киелі ғой шіркін... Талай жанға шипа болған киелі топырақты қастерлемеу бізге сын. Туған жердің тау-тасын, сылдырап аққан бұлағын, ән салған құстарын, атқан әрбір таңы мен сұлу кешін бақылай қарасаңыз бір тебіренесіз. Туған жердің өз жолын таппай мотивация іздеген жандардың ойларындағы бос кеңістікті толтыруға жетерлік күші бар.

Мен туған жерімді шексіз сүйемін! Мен өзіңмен мақтанамын туған жерім!

 

Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы: Б. Алпысбаева