Білімнің шырақшысы – Спандияр Көбеев

Педагог, қазақ жазушысы, қоғам қайраткері Спандияр Көбеев 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданы, Ақсуат ауылында туған. Әкесі Көбей Жансүгіров ескеше сауатты кедей адам болған. Анасы Айтбоз Қуандыққызы шыншыл, өткір, еңбекқор жан болған. Анасы 1936 жылы 96 жасында қайтыс болған. Олардың 7 ұл 1 қызы болған.

Спандияр Ы.Алтынсарин ұйымдастырған Қарағайлыкөл ауыл мектебінде, Қостанайдағы орысша-қазақша мектепте, екі жыл педкурста оқыған. Бүкіл өмірін ауыл мектебінде ұстаздыққа арнап, оқу-тәрбие салаларындағы ісіне орыс әдебиеті шығармаларының тәлімдік жағын тиімді пайдаланған. И.А.Крылов және басқа орыс ақындарынан аударған, т.б мысалдары «Үлгілі тәржіма» деген атпен 1910 жылы Қазан қаласында басылған. 1912 жылы Ы.Алтынсарин үлгісімен қазақ мектептеріне арнап «Үлгілі бала» деген атпен оқу кітабын құрастырып шығарған. Бұл кітапты К.Ушинскийдің «Родное слово» оқулығының үлгісімен жазған. Оған баланың өмір тануына қажетті,қызықты әңгімелер, батырлар жыры, орыс педагог – жазушыларының шағын әңгіме – өлеңдерін, өзі аударған Крылов мысалдарын енгізген. 1913 жылы жазған «Қалың мал» романы қазақ прозалық шығармаларының алғашқы үлгілерінің бірі.Онда қазақ ауылының әлеуметтік суреті, қазақ әйелінің тағдыры, жастар өмірі, салт – дәстүрлер суреттеген. Жазушы – педагог ұстаздық қызметін жалғастыра отырып, Бурабай, Ақсуат, Түбек мектептерін ұйымдастыруға белсене араласқан. Өз өмірі, ұстаздық, жазушылық жолы жайында «Орындалған арман» атты мемуарлық еңбегінде жазылған.

Ұлы ағартушының ізбасары Спандияр Көбеевтің еңбегі жоғары бағаланып, 1951, 1954 жылдары екі рет Ленин орденімен марапатталған. 1944 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген оқытушысы» құрметті атағына ие болып,Республика Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланған.

Педагог атында Қостанай қаласында мектеп, дәрісхана ашылған және ескерткіш орнатылған.

Педагог-жазушының қазақ балаларын білім жолына бағыттаудағы еңбегі өлшеусіз. С.Көбеев туралы білгіңіз келсе «Қалың мал» романымен «Орындалған арманды» қайталап оқып шығыңыз.

 

                                           Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторы кітапханашысы Ахмадиева А.С.