Нұрпейіс Байғанин 1860 жылы Ақтөбе облысы Темір ауданында туған. Руы – Әлім – Шекті - Шүрен. Әкесі Байғана өмір бойы байдың жалшысы боп күн кешкен.Жылқышы болған Байғана бертін келе мешел, мүгедек болып өлген.Ақындық өнерді анасы Үміттен үйренген. Жасы 7-ге толғанда анасынан айрылады. Жас күнінен байдың қозысын баға жүріп, өлең-жырға,әнге,домбыраға, ертегі айтуға әуестеніп, «Әнші бала», «Ертекші бала», «Домбырашы бала», «Жаяу жыршы» деген аттарға ие болады.Еш уақытта молда алдын көрмеген, хат танымаған Нұрпейіс қазақтың атақты ақындары Марабайға, Нұрымға, Мұратқа, Әбубәкір Кердеріге т.б. кездесіп, олардың тамаша ақындық мектебінен сабақ алады . Репертуарының негізі «Қобыланды», «Алпамыс», «Құбығұл», «Төрехан», «Қырымның қырық батыры», «Қарасай» атты қазақ батырлық жырлары болған.Нұрпейіс жырлаған «Қобыланды батыр» жыры – осы эпостың басқа ақын - жыршылар айтқан нұсқалардан көлемі үлкен, оқиғалы, мазмұнды жыр нұсқасы. Бұл нұсқа жүз томдық «Бабалар сөзі» сериясының 35-38 томдардың 36- томына мәтінтанушы Тоғжан Әкімованың дайындауымен енген.Ұлы жыраулық дәстүрін берік ұстанған жырау – ақын өмірде өте қарапайым, мейірбан , шыншыл болған. Ол ірі ақындармен айтысқа да түседі, талайын жеңеді, солардың бірі Қазақбай ақын. «Нарқыз», «Ақкенже» секілді қарымды туындылары қалың қауымға белгілі. «Ер туралы жыр» (1942), «Жиырма бес»(1942) поэмалары Кеңес Одағының батырлары Нарсұтбай Есболатов пен Төлеген Тоқтаровтың ерлігіне арналған.Байғаниннің қысқа өлеңдері мен толғау - дастандары соғыс жылдарында үгіттік қызмет атқарды. 1938 жылдан бастап Жамбыл сияқты Н:Байғанинге де әдеби хатшылар тағайындалған. Алдымен Ахмет Ескендіров деген талантты ақын жұмыс істен. Ол соғысқа кеткенде М.Хакімжанова, Қ.Шаңғытбаев, Д,Әбілевтер Н.Байғанин шығармаларын бірден ұқыпты түрде қағазға түсіріп отырған.
Ақтарылар асыл жыр,
Көкіректі кернесе,
Байтақ жұрт кезек бергенде,
Қанекей сөйле дегенде
Сөйлейтін күнім ендеше,- деп Нұрпейіс Байғанин өз күнінде жырлаған, жырлай білген. Ол – халық ақындары ішінде Жамбылдан соңғы қарт ақын. Қарт патриоттың халыққа адал көңілмен, жігерлі ынтамен атқарған қызметін халық та, өкімет пен партия да ерекше елеп, лайықты құрмет көрсеткен.1939 ж Қазақ КСР- інің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағымен, 1940 ж «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Қазірде Ақтөбе облысының бір ауданына Нұрпейіс Байғанин есімі берілген, атында мектеп, көшелер бар.
Кітапхана қорында ақынның «Нарқыз», 3 томдық шығармалар жинағы бар. Марқұм Тобық Жармағамбетов жазған «Бәйтеректің жас шағы» деген повесі өкінішке орай жоқ екен. Бұл - ақын туралы жазылған жалғыз көлемді еңбек. Жыршы - ақынның Ғалым, Момын деген екі ұлы бар. Момын Нұрпейісұлы Байғанин – республикаға танымал домбырашы – педагог. Н.Байғанин 1945 жылғы 9 сәуірде ауыр сырқаттан кейін Қызылорда қаласында қайтыс болды. Республика үкіметі марқұмның денесін Ақтөбе қаласына әкеп жерлеген. Оның шығармалары терең мағыналы, өткір тілді, ғибратты шешен сөздер мен нақылға бай, тәрбиелік маңызы зор туындылар. Ол – қазақ жырының зәулім бәйтерегі.
Көпшілікке қызмет көрсету секторы
Ахмадиева А.С.