Балалар әдебиетінің классигі

Бердібек Соқпақбаев - қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегімен, шындықты қарапайым әңгімелеу арқылы мөлдіретіп көз алдыңа жайып салатын, даралау мен психологиялық бейнелеудің өзгеше жолын тапқан жазушы. Жасынан өмір талқысын көп көрген адамның өмірбаяндық деректері өзінің шығармаларына арқау болған.

Б. Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда Алматы облысының Нарынқол ауданында дүниеге келген. Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтынан кейін Мәскеудегі жоғарғы әдеби курсты бітірген.

Ол өлеңді де көп жазған, әсіресе балаларға арналған өлеңдері тартымды болған екен.

                        Өлеңде мінезі бар жас баланың,

                        Жылатып алам ба деп жасқанамын.

                        Жазып қойып, өзіме - өзім сенбей,

                        Оқып, оқып басыма  жастанамын.

                        Өлең – нәзік шегіндей, домбыраның,

Үзіп алсаң, үлкені масқараның,- деген жолдары кезінде көп адамның аузында жүрді. Алғашқы жинағы «Бұлақ» деген атпен 1950 жылы жарыққа шықты. Ол балаларға арналған өлеңдерден құралған еді.  «Балаларға арналды» деген шығармаларының өзі балалар туралы үлкендердің көзімен суреттелген өмірдің бейнесі болатын. «Он бес жасар капитан» повесі 1955 жылы «Пионер» журналында жарық көрді. 1953 жылы «Бақыт жолы» атты әңгімелер жинағы шықты. Сөйтіп, ол әдебиетке еркін енді, балалар әдебиетінің көрнекті өкіліне айналды. 

Жазушының балалар үшін танымдық мәні зор туындысы – «Жекпе-жек» хикаясы. Бұл шығарма қазақ әдебиетіне келген тың туынды. Өйткені, қазақ балалар әдебиетінде бұған дейін спорт тақырыбында бұндай деңгейге көтерілген шығарма болмаған еді. Бокс деген спорт түрі, қара домалақ қазақ баласына өте жақын жазылған деп айтуға болады. Ауыл спортының, әсіресе  бокстың дамуына үлкен төңкеріс жасаған құрыштай шыныққан саңлақтардың дүркіреп шығуына серпіліс, ерекше серпін берген айтулы көркем туынды.         «Менің атымҚожа» туындысын оқып көріңіз. Дәл осыған орай қазақтың  көрнекті режиссері А. Қарсақбаев тамырын тап басып, балалардың сүйіп оқитын дүниесін, сүйсініп көретін бейне таспасына айналдыра қойған. Жазушы шығармаларындағы  ауыл  өмірін басынан өткерген баланың сан қилы тағдыры, бала санасын сан саққа жүгіртіп,  ақыр аяғында өзінше тұжырым жасауға мәжбүр етеді. Бұның бәрі жас жеткіншектердің алғашқы қадамын,, мінез-құлқының қалыптасуын, тілек-мақсатын көрсетуге арналған туындылар.

Бердібек шығармалары халық көңілінен шығып, әрбір ұрпақтың өз ісі мен әрекетін түсіндіріп беретін даналығымен, жүйесі мен желісі өзгеше құрылған даралығымен ерекшеленеді.

«Бердібек Соқпақбаевтың кірпияз мінезі жазушының жан дүниесінің тазалығын білдіреді. Өте  қарапайымдығымен өзін биік ұстайтын. Жазушының байқамайтындығын байқап, содан жанына нәр тапқан жазушы. Оның бізден ерекшелігі сол. Ол – біздің балалар әдебиетінің классигі. Оны әрқашан мақтан тұтыңдар.» - деп жазған болатын белгілі жазушы Тахауи Ахтанов ол жайлы.

                                                   Оқу залының кітапханашысы: Айтбаева К.Т.