Қазақ халқы қашанда өнерге бай халық. Небір әншілер мен күйшілерді, жыршыларды дүниеге әкелді. Осынау сан алуан өнерге бай ұлтымыздың өнерінің ішінде жеке дараланатын өнердің бір түрі ол – би өнері.
Қазақтың тұңғыш профессионал бишісі Шара Жиенқұлова болса, тұңғыш профессинал балеринасы Нұрсұлу Тапалова.
Бүгінгі жазбам да қазақтың бидариясы атанған, бар ғұмырын өнерге арнаған, артынан өшпес із қалдырған Нұрсұлу Тапалова жайлы болмақ.
Нұрсұлу Тапалова 1923 жылы 13-ші қыркүйекте Ақтөбе облысының Ойыл ауданында дүниеге келген. Бала жасынан өнерге деген талпынысы ерте байқалған Нұрсұлуды алғаш он бір жасында сахнадан көрген қазақтың атақты композиторының бірі Ахмет Жұбанов өнер саласына баруға бағыттайды. Алдыңғы буын өкілі қазақ халқының атақты биші қызы Шара Жиенқұлованың ізін жалғауды алдына мақсат тұтқан бала биші 13 жасында Алматыға келіп, Абай атындағы опера және балет театрының жанынан құрылған би мектебіне қабылданады.
Ол би мектебінде жүріп, 1936-1938 жылдары театрда кордебалет әртісі болып, үлкен сахнаға қадам басады және бұл өнері қазақ тарихының тақтасына «Қазақтың тұңғыш балет бишісі» деген атпен жазылады. Сонымен қатар, үлкен сахнада танылуына А. Александров, Г. Уланова, Е. Лифанова, Ю. Ковалев сынды өнер иелерінің әсері тиеді.
Нұрсұлу апамыз Дариға (И.Н.Надировтың «Көктемінде»), Зарема (Б.В. Асафьевтің «Бақшасарай фонтанында», 1942-1943 жылдары Г.С.Улановамен бірге), испан биі (П.И.Чайковскийдің «Аққу көлінде») т.б. балеттік партияларды билейді. Сондай-ақ, ұлттық опералардағы (Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібегі», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайы», М.Төлебаевтың «Біржан Сарасы») жеке билерді орындауымен бірден көзге түсіп, өзінің табиғи талант екенін мойындатып үлгереді.
1941-1953 жылдары орасан зор жетістіктерге жетіп, бишілік шеберлігі шыңдалып, атақ абройы артып, таныла бастайды. 1947 жылы 24 жасында «Қазақ ССР еңбек сіңірген артисі» атағына ие болды.
Өмірін өнерге арнаған ол 1975 жылға дейін сахнадан түспей «Киноконцерт», «Белая роза», «Жамбыл» және т.б. киноға түседі.
Нұрсұлу Тапалова – үлкен тарихи тұлға, көрнекті өнер майталманы. Қазіргі таңда елімізде Нұрсұлу Тапаловаға арналған кең көлемде Республикалық би байқаулары ұйымдастырылып тұрады. Нұрсұлу Тапалова игерген, халқына тарту еткен би өнері бүгінде ұлттық руханиятымыздың құндылығына айналды.
Құрметті оқырман! Нұрсұлу Елубайқызы Тапалова жайлы мақалаларды мерзімді басылымдар сандарынан кітапханамызға келіп оқи аласыздар.
Негізгі қорларды сақтау бөлімінің
басшысы: М.А.Аманбекова