Қыста талай қызық бар

Қазіргі ақпараттар нөпірі сананы еріксіз жаулап алып, жаппай жаһандануға бет бұрған тұста күнделікті өмірімізді Ғаламторсыз елестетудің өзі мүмкін болмай қалды. Аяқ аттап баспастан, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» аталмыш тораптың пайдасымен қатар, зияны да аз айтылып жүрген жоқ.

Осы орайда, қаңтардың соңғы жексенбісі – «Бүкіләлемдік Ғаламторсыз күн» деп белгіленгенуі де еш негізсіз емес. Жастарды рухани жұтаңдықтан арылтып, әдебиет пен мәдениетті насихаттауды мақсат еткен «Жыр-Жауһар» поэзия клубы да осы айтулы күнді өзгеше өткізуді жоспарлаған болатын.

Сол мақсатта, клуб мүшелерін қыс қызығына бөленіп, мұз айдынында сырғанақ тебуге шақырған едік. Бейресми бастаманы қолдаған адам қарасы аз болғанымен, барымен базарлатып, уақытты көңілді өткізіп қайттық. Мұз айдынын айнала сырғанаған жастар балалық дәуреннің бал қызықтарын еске түсіріп, ғажайып қуанышқа бөленді. Алдағы уақытта аталмыш бастаманы тағы қолға алайық деген клуб мүшелері ұжымға рахметін айтып тарқасты.