
Сарыбай Бейбіт. Қараторғай: Проза. – Алматы: «Жалын баспасы» ЖШС, 2013. – 192 бет.
Сіздерге ұсынылып отырған кітаптың авторы – Бейбіт Шегебайұлы Сарыбай 1983 жылы 3 қаңтарда Алматы облысы Райымбек ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.
«Парасат», «Алматы ақшамы», «Дала мен қала», «Алаш айнасы» сияқты көптеген республикалық басылымдарда және «Қазақ радиосында», «Ел арна» телеканалында қызмет атқарған. Қазір Қазақстан Жазушылар одағы басқармасында балалар және жастар әдебиеті бөлімінде кеңесші.
«Рауғаш ерте гүлдейді», «Мейірім» кітаптарының авторы.
Өзіңдік қолтаңбасы қалыптасқан жас қаламгердің шығармалары әдеби ортада жоғары бағаланып келеді. Оның республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген әңгімелері мен шағын хикаяттарын оқырман қауым ыстық ықыласпен қабылдады. Жас жазушының бұл кітабына соңғы жылдары жазған жаңа шығармалары енгізіліп отыр. Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінде топ жарып, бірінші жүлдеге ие болған «Ақтабан», «Қараторғай» сынды шағын хикаяттарын да осы кітаптан оқуға болады.
Бейбіт туралы әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек «Бейбіт Сарыбай алған тақырыбын жетік игере біледі екен. «Рауғаш ерте гүлдейді» әңгімесімен-ақ оны толық жазушы деуге болады. «Мейірімі» суретші өмірінен, қазақтың жас зиялыларының өмірінен жазылған әңгіме. Адамдардың бірінің бойынан бірі кішкентай жалғандық көріп кешіре алмай жүретіні бар. Осында Бейбіт адам бойындағы психологияны шын жазушыға тән иіріммен, көркемдікпен жеткізген. Бұл да мінезге құрылған шығарма және Бейбіт не айтқысы келетінін жып-жинақы, тап-тұйнақтай етіп бере алады. Тіліне келсек, Төлен Әбдіктің тіліндей ұстамды, құнарлы тіл екен. Қораш сөйлемдер жоқ», – деп еді. Бұл енді Бейбіттің алғаш әдебиетке келген кезіндегі шығармашылығына берілген баға деп біліңіз.
Балаларға арналған шығармалар бәйгесінде Бейбіттің «Ақтабан» атты хикаяты топ жарып, бірінші орын иеленген. Оқырманға дара шыққан дарынның шығармаларын ұсынып отырмыз. «Бейбіттің жазушылық мүмкіндігі, шеберлігі қаншалықты өсті немесе қалыптасып келе жатыр?» деген сауалға «Қара торғайды» оқып жауап беріп көріңіз. Барлық әдебиетшіден де, барлық бәйгеден де әділ сыншы – қарапайым оқырман, Сіз!
Кітап көпшілік оқырманға арналған.
Сондай-ақ, кітапханамыздың абонемент бөлімінен қаламгердің «Рауғаш ерте гүлдейді» «Мейірім» кітаптарын да оқуыңызға болады.