Кітаптан туындаған ойлар (Арқа батырлары)

Шөлдеген көңілдің жан сарайын кітап арқылы емдеп жазатын оқырман қауым. Мен сіздерге кітаптан туындаған ойларым жайлы жазуды жөн санадым.

Себебі кітап дегеніміз - рухани азықтың тұнып тұрған ордасы. Адам баласының жетістікке жетуіне себепші болатын да осы қасиетті кітаптар.

«Ғылым беделге тоқтамайды, дәлелге тоқтайды» - демекші сөзіміздің дәлелді болуы үшін де, кітап оқып, біліммен ғана биіктерді бағындыруға мүмкіндіктер қарастырылған.

Барлық ұлы ғұлама, ойшыл, данышпан ғалымдар да кітап оқып жетістікке жеткен жандар. Қоғамдағы рөлімізді айшықтағымыз келсе, қандай кітап болмасын тереңіне үңіліп, жүрекпен сезініп, керек ақпаратты өзіміздің пайдамызға жаратқан дұрыс.

Кітап оқу арқылы ішкі жан дүниемізді нұрландырып, әрбір кейіпкердің рөліне еніп, бірде күліп, бірде мұңайып, енді бірде жылап аласың. Шынайы сезімдерден құралған кітаптар бір рет оқығанда санаңда өшпестей сақталып қалары анық.

Рухтандыратын, намысыңды тулататын кітаптардың қоғамдағы алатын орны зор. Соның бірі де бірегейі Т. Т. Аршабеков, Ж.А. Жұмабеков, А.З.Жұманованың авторлығымен жарыққа шыққан «Арқа батырлары» кітабы деп атап айтса болады. Бұл кітапта өлкемізден шыққан қазақ батырлары жайлы толымды ақпараттар жазылған.

Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, елің жаудан қорғаған қазақ батырларының қайтпас қайсар ерліктері мен ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігі жолында жандарын қиған ерлеріміз жайында тарихи мәліметтерге сүйене отырып жазылған ақпараттар насихатталған.

Жоңғар шапқыншылығы кезінде өзі де сөзге тоқтаған, өзгені де сөзіне тоқтата білген қазақ батырларының ұрыс аланыңда топ жарғандығы, алғырлығы мен тапқырлығы, шапшаңдығы мен ерліктері, шүберек жаның отқа байлағандығы жайында қызықты мәліметтерді оқып отырып, рухтана түсесің, аттандап ах ұрып отырып, өзің бір ұрыс майданыңда жүргендей күй кешесің. Көз алдыңа бабаларымыздың жүріп өткен сара жолдары елес болып келеді.

Батыр бабаларымыздың тұлғасына тоқталсақ: кең жауырынды, ірі денелі, өткір тілді, ержүрек өр мінезді, салмақты да орамды ойлар айтып, аталы сөзге тоқтаған. Ханға да, қараға да, жауға да әділдігімен көзге түскен.

«Қоянды қамыс,

Ерді намыс өлтіреді» - демекші қазіргі қоғамдағы жігіттеріміз өзінің ата бабаларының тұлғасын, ерлігін дәріптеуі керек. Батырларымыз сияқты өр мінезді, жауапкершілігі бір төбе, намысты бола білуі үшін де қазақ батырлары туралы керекті мағлұматтар жинақтап, өткен тарихын, әдебиетін білуі парыз. Өсер елдің баласы екендігімізді дәлелдеу үшін, осы бабаларымыздан үлгі алып, текті елдің ұрпағы екендігін ұмытпағаны абзал. Қандай заман туса да, тектіліктің тұғырын сөндірмей, биік ұстағаны болашақ ұрпақ үшін де маңызы зор. Қазақ жігіттерінің бойына қан мен дарыған тектілік сөнбек емес, сөнбейді де. Батырлық пен қайсарлық, ар мен намыс жолында қиып түсер алмас қылыш сынды өр мінезділігімен әлемді бағындыра бермек.

Қазақ болып туғанына мақтанасың, кеудеңді мақтаныш сезімі билеп, менің ата – бабаларым текті болған деп тамсанасың. Қол бастайтын батыры, сөз саптайтын шешені, әділдігін айтар қазыналы қарттары мен билері, болашақты болжайтын жыраулары, көненің көзіндей қалған абызы мен ақылшы шежіре тарқататын ақ жаулықты, ақ сақалды ата әжелері бар, жүрекпен жырлайтын ақыны мен қаламгер жазушылары, ғұлама ғалымдары, майдангер ержүрек ұлдар мен қыздары бар, қазақ елінің азаматы болғанымызға мақтанамыз. «Арқа батырлары» кітабын оқып отырып, бойымызға қан жүгіріп, текті туған бабаларымызға тағзым етесің. Көңілімнің айдынында қалықтаған осы кітаптан өзіме керекті құнды мәліметтер алдым, сіздерге де оқуға кеңес беремін.

Көкіректегі сезімдерді оятатын, рухтандыратын, намысымызды оятатын, тағылымы терең кітаптардан алар рухани азығымыз көп болғай!

Өлкетану әдебиеті бөлімі: Жаркеева Г.А.