Адыраспан өсімдігінің қасиеті

«Дана көптен шығады, дәрі шөптен шығады»

(Халық даналығы)

Қазақ халқы адыраспанды «киелі өсімдік» деп біледі. Адыраспаның киесі, қасиеті - шипалығында. Адыраспан – улы өсімдік. Ол құрғақ далалы аймақта, шөлейтті сортаң жерлерде көптеп өседі. Сабағы көп тармақта, тамыры тереңге таралады. Мамыр - шілде айларында гүлдейді. Ертеде бабаларымыз адыраспан көктеп шыққаннан кейін оны жұлып алып, керегенің басына іліп қояды екен. Сонда оның иісінен қорыққан улы жәндіктер үйге кірмейді. Қазақ халқы баспана алып немесе жаңадан үй салса, ең алдымен міндетті түрде адыраспан түтетіп, үйдің ішін аластап шығады. Бұл жаңа мекенді қауіп-қатер, бәле-жаладан аман ете көр деген ырым. Әсіресе, наурыз мейрамында адыраспанды түтетіп, бесік, үйді аластау, жақсылықтың нышаны деп саналады. Бұл қазақ халқының ғасырдан - ғасырға жалғасып келе жатқан көне дәстүрдің бірі. Адыраспанның жер бетіндегі бөлігі мен тұқымын жазда немесе күзде жинап, жас күйінде кептіріп алады. Киелі өсімдікті жинайтын кісі дәрет алып, таза күйде Құдайға құлшылық жасап, «Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим!» деп айтып барып , адыраспан сабағына қол тигізген деп айтады. Сабағы мен жапырағын қайнатып, аз ғана мөлшерде  ішсе талма, сал, суықтан болатын ми қабынуын, буындарға суық тигенде, денеге бөрткен шыққанда, тіс қақсап ауырғанды жазады. Адыраспан құрамында адыраспан сілтісі мен ұшпа майы бар делінеді.

Қазіргі уақытта да адыраспаннан жасалған дәрілерді фармакологияда қолданып жүр. Мұндай дәрілер қабынуды жазу, ішек құрттарын өлтіру, іш ауруын жазуға көмектеседі. Адам ғана емес, адыраспан жан-жануарларға да ем екен. Малдың қотырын бұрынғы кезде адыраспан қайнатпасымен жуып, жазатын. Дала жануарлары да дерт меңдегенде адыраспанда аунап жазылатынын үлкендер айтып отыратын. Осындай түсініктерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу баршамыздың парызымыз.

Қасиетті адыраспан өсімдігі туралы кеңінен танып білгілеріңіз келсе кітапханамыздың қорындағы кітаптар мен мерзімді басылымдардан алып оқи аласыздар: Ө.Қырғызбаевтың көркем әдеби тілмен жазылған «Адыраспан» (Алматы,1985) повесінде адыраспан өсімдігінің қасиеті жайлы жазылған.    

Ал , Э.Муханбетқалиеваның   Туған жердің шөбі де дәрі... (Дәстүр.-2017.-№2) және  Ә.Назардың Адыраспан жайлы не білеміз? (Түркістан.- 2020.-19 наурыз) атты мақалаларында адыраспан өсімдігінің емдік пайдасы және тиімді пайдалану жолдары жазылған.

 

Негізгі қорларды сақтау бөлімінің басшысы Багзибекова А.Х.