Түркі әлемін танытқан тұлға

«Ерім дейтін ел болмаса,

Елім дейтін ер қайдан туады?!»

халық даналығы

Халқымыздың «текті жердің баласы, тегіне тартқан» деген әдемі сөзі бар. Мұның мағынасы өте зор. Осындай жанның өзгелерден ерекшелігі - адамдарды өзіне баурап, тартып алатығында. Сондай жанның бірі – Қасейінов Дүйсен Қорабайұлы.

Әлемдік деңгейде мойындалып, тұтас Түркі әлемінің руханиятын, оның ішінде Қазақстан мен Қарағандының мәдениетін алты құрлыққа танытқан тұлға, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, музыкант, профессор, «ТҮРКСОЙ» Халықаралық Ұйымының Бас хатшысы. Дүйсен Қорабайұлының қысқаша өміріне тоқтала кетсем.

Арша, шырша, ақ қайың, самырсын, қарағай сыңсыған орманы бар Алтай өлкесінің Бийск қаласында, яғни осындай сұлу өңірде жан-дүниесі сұлулыққа толған Дүйсен Қорабайұлы 1947 жылы наурызда жарық дүниеге келген. Дүйсеннің анасы Күләй Сарыарқа өңіріне, Ұлытау аймағына аты шыққан Байдалы бидің келіні.

Отызыншы жылдарда Ташкент артиллеристтер училищесін тәмамдаған әкесі Қорабай әскери адам болған. Сұрапыл соғысты да бастан кешкен. Қызмет бабымен көшіп-қонбаған мекен-тұрағы қалмаған. Сөйте жүріп, екі ұл, үш қыз тәрбиелеген бақытты отбасы болды. Сәби шағын 1953-жылдарға дейін Ресей өлкесінде өткізген ол әкесі демалысқа шығысымен, Қазақстанның Қарағанды қаласына оралады.

Жасынан қазақ өлкесінде білім алып, еңбек жолын Қазақ радиосы мен телевизиясы камералық оркестрінің әртісі болып бастады. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының аға оқытушысы, Мехико филармониясы оркестрінің әртісі, Алматы мемлекеттік консерваториясы доцентінің міндетін атқарушы, скрипка кафедрасының меңгерушісі болды. Ал 2008 жылдан бастап ТҮРКСОЙ-дың бас директоры қызметінде. Д. Қорабайұлының атақ  даңқтары жетерлік. Атап айтар болсақ, Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, «Тарлан» сыйлығымен, «Құрмет», «Парасат», Ресейдің «Достық», Польшаның «Поляк мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін» ордендерімен, медальдарымен, Түркі мәдениетін өркендетуге қосқан үлесі үшін Әзербайжан Республикасының естелік медалімен марапатталған.

Халықаралық сыйлық – әлем елдері арасындағы ынтымақтастық, достық, мәдени әрі бауырластық байланыстарды нығайтуға қосқан зор үлесі үшін берілген қарағандылық жерлесіміздің марапатталғаны қуантады.

Түркияда 2017 жылы «Дүйсен Қасейінов – 70 жас» атты кітабы жарық көрді. Жинақта «Достық» орденімен марапаттауымен басталған  қайраткер тұлғаның 70 жылдық ғибратты ғұмырын қамтиды. Бұнда жерлесіміздің тұтас Түркі дүниесінің бірлігін нығайтудағы еңбегі, оның түркітілдес мемлекеттер арасындағы абырой-беделі туралы портреттік мақалалар мен естеліктер енгізілген.

Сонымен қатар Қарағандыдағы №2 балалар музыка мектебінің ұжымы жастайынан скрипканы жанына серік еткен өнер иесінің құрметіне Дүйсен Қорабайұлының жеке сыныбын ашып отыр. Сынып ішінде өнер иесінің өмір жолынан сыр шертетін суреттер жинақталған.

Қайраткер әлемдік аренада жас жеткіншектерге жол ашып берген. Бұл қуаныш – Қарағандылықтар үшін де ұмытылмас сәт.

Елден жырақ, көп ұлтты халықтардың ортасында жүрсе де ортақ мәдени мұраларды әлемге таныту мақсатында жасалған жобаларды қолға алды. Соның нәтижесінде түркі тілдес халқының мәдениеті әлемдік аренаға шыға бастады. Басқа халықтарды айтпағанның өзінде ұлтжанды Дүйсен Қорабайұлының арқасында тек қазақ халқының айтулы тұлғалары әлемдік сахнада кең түрде насихатталды.

Қарағанды өнерпаздары мен ұжымдары «Кәрі құрлықтың» бірнеше еліне сапарлауы - Дүйсен Қорабайұлының арқасы.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтой аясында 2021 жылдың желтоқсанында оқушы, студент кезінен бастап кітапханамыздан нәр алып өскен музыкант, қоғам қайраткері Дүйсен Қорабайұлы арнайы келіп, А.Құнанбайұлының, Ж.Жабаевтың, М.Мақатаевтың, О.Сүлейменовтың, т.б. қазақтың классик ақын-жазушыларының мерейтойларына орай жарыққа шыққан 200-ге жуық Түрксой басылымдарын Қарағанды қаласы кітапханаларына сыйға тартқан болатын. Осыдан қанша жыл өтсе де кітапханасын ұмытпауы оның адамгершілігінің молшылығы, еліне деген жанашырлығын байқаймыз.

Д.Қасейіновтің халықаралық дәрежедегі беделінің артықшылығы - оның іскерлігі, ұлттық мүддені бірінші орынға қоюы.

Отанын, халқын сүйген Алаш ардақтыларының бүгінгі таңдағы көзіндей ұлт жанашыры Дүйсен Қорабайұлымен әлі де талай мақтанарымыз сөзсіз.

Лайым, солай болғай!

 

Өлкетану әдебиеті бөлімінің
кітапханашысы: Б. Алпысбаева