Қара орамал

Жайлыбай, Ғ.

Құрметті оқырмандар, алдарыңызға ұсынылып отырған кітап әлемнің ондаған тілдеріне аударылып, 2017 жылы Швецияның Стокгольм қаласында өткен «VІ – OPEN EURASIAN» әлемдік байқауында үшінші дәрежелі сыйлыққа ие болып, жүздеген шығармалардың арасында топ жарған жерлесіміз, ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» туындысы.

«Қара орамал» поэма-реквиемі – ғасырдың қайғысы, адамзаттың аза жыры. Қарағанды лагеріндегі репрессия жылдарының суреттерін айшықтаған. Автор поэмасында «АЛЖИР» - дің тағдырын, ондағы аналардың жан-жүрегіндегі күйзелісті, қайғы-қасіретті шебер бейнелеп берді. Кітапта әлемнің он алты тілінде топтастырылып, оқырманға ұсынылып отыр.

Қалың оқырманнан, әдебиет сыншыларынан да жоғары баға алған шығарма арқылы еліміздің бірнеше театрлары осы поэманы сахналады. Дауылды дәуірдің ащы ақиқаты ақтарылған бұл туынды Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-нің қолдауымен 2022 жылы жарыққа шыққан.

Сонымен бірге Ғ.Жайлыбайдың 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласы «Кәусар» баспасынан жарық көрген «Ай таңбалы арғымақ» атты жаңа жыр жинағымен де таныс болыңыздар.

Жинақта кейінгі жылдары жазылған өлеңдері мен поэмалары, аудармалары топтастырылған.

Қашанда образды ойлау, көркем тілмен ерекшеленетін қаламгер туындылары өз оқырманын бейжай қалдырмайтыны сөзсіз. Жинақта бүгінгі заман кейіпкерлерінің жүрек дүрсілі, сезім дірілі бар.

Ақын Ғалым Жайлыбайдың поэмаларынан қазақтың шежіресін, тарихын оқи аласыздар.Өте ізденіске толы құнды дүниелерге бай.

Ақынның жақұт жырлары оқырманына ой салып, көңіліне қуаныш ұялатары сөзсіз.

Келіңіздер! Оқыңыздар! Ой бөлісіңіздер!

Жайлыбай, Ғ. Қара орамал = Черный платок: поэма-реквием: 16 тілге аударылған / Қарағанды: Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, 2022. - 307 б.:

Жайлыбай, Ғ. 

Ай таңбалы арғымақ: өлеңдер мен поэмалар / Нұр-Сұлтан : Кәусар, 2020. - 381 б.

 

Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Б.Е. Алпысбаева