Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова

Дауылмен тербеп оның жас бесігін,
«Мәншүк» деп ел атаған ерке есімін.
Адамша ақтау үшін ана сүтін,
Майданның, пулеметпен ашты есігін.
«Максимін» басқан сайын бас бармағы,
Жаулардың өлік болды жастанғаны.
Атысты ол от ішінде сүңгіп жүріп,
Секілді қамысты көл қасқалдағы.
Ай өткен, жылдар өткен, ғасыр өткен,
Жеңіспен майдан бітіп, жас ер жеткен.
Ерлігі ел жүрегін тебіренткен,
Ұрпаққа ұран болып Мәншүк кеткен.

(Жароков Т. «Мәншүк туралы ән»)

Бейбіт болашақты орнату үшін тәуекелге бел буып,  майданды кешіп, қаны мен жанын сарп еткен  "Шығыстың жарық жұлдызы" қаһарман апамыз Мәншүк Мәметованың туғанына биыл 100 жыл. Ол 1922 жылы Орал облысы, Орда ауданында туылған. Азан шақырып қойған аты Мәнсия.  Бес жасынан бастап оны әкесінің немере інісі Ахмет Мәметов және әйелі Әмина асырап алған. Үлкен қара көзі, пысықтығы, ширақтығы үшін олар баланы еркелетіп «Моншағым» деп атады. Өзінен атын сұрағанда, бала «Мәншүк» деп жауап берген. Солай аты Мәншүк боп қала берді.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Мәншүк 18 жаста еді. Ол соғысқа бару, Отанын қорғау туралы шешім қабылдады. Өтінішінде: «Фашистерді жою үшін майданға жіберетін менің ағайым да, апайым да жоқ, сондықтан өзімді жіберіңіз», деп жазған. Бір жыл бойы Мәншүк әскери комиссариаттан өзін әскерге жіберу туралы өтінді. 1942 жылдың 13-ші тамызында  Алматыдан 100-ші атқыштар бригадасы майданға аттанды. Оның құрамында 4890 жауынгер, оның ішінде 2 қазақ қызы – дәрігер Мәриәм Сарлыбаева және Мәншүк Мәметова болған екен. Бригаданы ұлы дана ақын Жамбыл өлеңімен шығарып салыпты.

«Отан үшін, әкем үшін...» деп қан майданға аттанған ержүрек ару қыздың артында аңыз боп ерлігі қалды. Өзгеде кездесе бермейтін өрлік пен батырлық, қайсарлық пен өжеттілік Мәншүктің ғана жүрегіне тән еді. Себебі ол қазақтың маңдайына жарқырап біткен жарық жұлдызы, мыңдар мен миллиондардың бірі... Ол кешкен аз ғұмыр өте мәнді өтті. Себебі оның жаны біздерге жеңіс алып берді.

Биыл 2022 жылдың 6 мамыр күні кітапханамызда Кеңес Одағының Батыры М. Мәметова мен Халық Қаһарманы Х. Доспанованың 100 жылдығына арналған «Қазақтың батыр қыздары» атты эссе байқауы өткен болатын. Эссе байқауына Қарағанды қаласының жалпы білім беретін мектептерінің, гимназияларының, лицейлерінің 9-11 сынып оқушылары және Т. Бигелдинов атындағы «ЖасҰлан» әскери мектебінің курсанттары қатысты. Барлығы 69 оқушы қатысты. Байқауға қатысқан әр оқушы өзінің білімділігін, өзіндік ойын, еліне деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімдерін көрсете білді. Ұлтын ұлықтай білетін, отанды сүйе білетін жастар өсіп  келе жатқанына қуанамыз. Өнеге болар батырлардың ерлігін паш етіп, тәрбиенің діңгегіне айналдыру баршамыздың міндетіміз. Қорыта айтқанда, сын сағатта ерлермен бірге атқа қонып, қолына қару алған Алаштың мерген қыздарының ерлігін насихаттай білсек, бүгінгі өскелең ұрпақтың рухын көтеретіні анық.

 

                                      ҚҰӨжКҰБ кітапханашысы Кемельбаева Г. Т.