Қазақ поэзиясының тарланбозы

Көрнекті қаламгер, майдангер ақын Сағынғали Сейітов 1917 жылы 20 қарашада Орал облысы, Ақжайық ауданы, «Өлеңті» кеңшарында өмірге келген. Тырнақалды өлеңі 1936 жылы Оралдың облыстық газетінде жарияланған. 1937 жылы Орал су-транспорты рабфагын, 1941 жылы Алматы пединститутының тіл- әдебиет факультетін тамамдаған. 1941-1947 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери қызметте болды. Ұлы Отан соғысына бастан – аяқ қатысқан. Ой өрімі, қалам қарымы соғыс шебінде де байқалып, майдан газеттерінің  саяси тілшісі, әскери журналисі  қызметін де атқарды. Әскер қатарынан босанып, Алматыға оралғаннан бірыңғай шығармашылық жұмысқа ден қойған.Өзінің мазмұнды өмір жолында еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты.Түрлі биік лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды.

Тұңғыш жинағы – «Большевиктер» 1951 жылы жарық көрген.Содан бері қазақ, орыс тілдерінде қырықтан астам өлеңдер мен поэмалар жинағы шыққан. Оның «Жолдас жүректен», «Бетпе – бет», «Өрден-өрге», «Жаңғырық», «Төлтума» т.б жыр жинақтары қазақ әдебиетінің зор табысы саналады. Көрнекті қаламгер әдебиетіміздің барысын ғылыми тұрғыда зерттеумен де жемісті айналысты. «Әдебиеттер достығы», «Қазақ поэзиясындағы Маяковский дәстүрі», «Тоғысқан толқындар», «Туысқандық туғызған», «Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі», «Өлең өлкесінде», басқа да әдебиетті зерттеу еңбектері мен «Қырық жылда», «Өмір өрнектері» монографиялары ұлттық қазынамызға қосылған елеулі үлес болды. Оның аударуындағы И.Гете, Г.Гейне, Ә.Навои, А.Пушкин, М.Лермонтов, В.Маяковский, М.Жәлел өлеңдері туған тілімізде жатық сөйледі.

Сағынғали ағамыздың жырларына көз жүгіртсеңіз ақ қағазға түскен әрбір жолына сыншылдық көзбен қарағанын, сыншы бола отырып,әрбір сыни сөзін ақындық көңілмен таразылағанын танисыз.Жыр сұңқарының жарты ғасыр жұп жазбаған аяулы жары үш ұл, екі қызының анасы Ғайни Құсайынқызына арнаған өлеңдерін де ыстық ілтипатпен оқитыныңыз сөзсіз.Туған жері Орал -  ақын шығармашылығының алтын арқауы. Бір қарағанда қарапайым көрінетін жыр шумақтарының астарынан салиқалы пікір, салмақты ой, терең парасат - пайымды  аңғарарыңыз анық.

Соғыс та да, әдебиет пен мәдениет саласындағы қажырлы еңбектері үшін көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болған. Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер-журналист, көрнекті ақын, сыншы, аудармашы, әдебиет зерттеушісі, көсемсөз шебері 18 ақпан 2007 жылы дүниеден озған.

Журналистердің: «Ақын қанша жасайды?» - деген сауалына өзі: «Жер бетінде сөз қанша жасаса,ақын сонша жасайды. Қазақтың ақыны жер бетінде бір қазақ қалғанша жасайды. Ақындар мәңгі жасайды!» - деп жауап берген екен. Иә, ақынның жарқын бейнесі қаламдастары мен қалың оқырман қауымының жүрегінде әрдайым сақталатыны сөзсіз.

                                   Н.В.Гоголь атындағы ОӘҒК
                                   көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету
                                   секторының кітапханашысы Ахмадиева А.С.