Талантты жазушы, юморист, көсемсөзші әйгілі қоғам қайраткері Марк Твен 1835 жылдың 30 қарашасында АҚШ-тағы Миссури штатында дүниеге келеді. Марк Твеннің шын есімі - Сэмюэл Лэнгхорн Клеменс. Он екі жасқа келгенде әкесі дүние салып, отбасы материалдық қиындыққа ұшырайды, осының әсерінен жас бала типографияға жұмысқа тұрып, жастайынан еңбекке араласады. Осы жерде жұмыс жасай жүріп, Сэм аздап мақала жазуды да меңгереді. 18 жасқа келгенде елді аралап, саяхаттап та үлгереді. Сонымен қатар кітап оқуды ерекше сүйетін еді. Бала кезінен бастап У.М. Теккерей, Ч. Диккенс, Эдгар По, У.Шекспир, М.Сервантес секілді классиктердің еңбегімен таныс болған ол өте білімді болып өсті.
Кейінірек Сэмның бала арманы орындалып лоцманның көмекшісі болып қызметке орналасты. Тіпті өз бетінше кемелерді де басқара алатын жағдайға жетті. Бірақ көп ұзамай басталған азаматтық соғыс оған бұл салада еңбек етуге мұрша бермеді.
1861 жылы Сэм ағасымен қосылып елдің батысына күміс кенінің көзіне байлық іздеп аттанады. Дегенмен бұл талпыныстан ештеңе шықпады. Есесіне Сэм Клеменс осында жүріп жазушылық қабілетін шыңдады. Осылайша 1863 жылы оның алғашқы әңгімесі жарық көрді. Туынды «Mark TWAIN» деп аталды. Осының әсері болса керек, кейінірек Сэм Марк Твен деген лақап атпен таныла бастады. 1865 жылы жарық көрген “Калаверасадан келген әйгілі секіргіш бақа” атты әңгімесі оны көпке танымал етті.
Түрлі саланың адамдарымен таныстығы оны жазушы ретінде дамыта түсті. Осы білгендері арқылы ол Америка халқын әзіл-қалжың формасында сипаттап, көптеген туындылар жазып шықты.
Шыны керек, Марк Твенді бастапқы кездері ешкім тұлға ретінде қабылдаған жоқ. Бірақ кейінірек Марк Твен Америка прозасында төңкеріс жасады. Қарапайым халықтың бет бейнесін шынайы бейнелеп, көпшіліктің жүрегін жаулап алды. Тіпті біршама шығармаларына фиьмдер түсірілді.
Қазақ оқырмандарына жазушының «Том Сойердің бастан кешкендері», «Ханзада мен жарлы», «Гекльберри Финнің оқиғасы» атты еңбектері кеңінен танымал.
«Том Сойердің бастан кешкендері» бұл классикалық туындыда Том Сойердің басынан кешкен қызықты оқиғалары суреттеледі. Оқиға тілі бай, түрлі тартыстарға толы.
Кейіпкерлер және олардың өмірі, дүниетанымы арқылы сол кездегі, яғни ХVIII ғасырдағы АҚШ-тағы шағын қалашықтар тұрғындарының күнделікті жұмыс тіршілігі, қарапайым адамдардың, діни қызметкерлердің психологиясы, болмысы, түсінігі көз алдыңа келеді. Осындай қызықты оқиғасымен өз оқырманын баурап алады.
Құрметті, оқырман қауым! Марк Твеннің шығармаларын біздің кітапханадан қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерінде оқи аласыздар.
Халықаралық кітаптар бөлімінің кітапханашысы: Жұмағұлова М.Т.