«Қазақ қыздарының ұлттық киімдері»

«Көрінбес киім сұлу қынамаса,

Көрінбес шашын сұлу сыламаса.

Қыз едің кішкентайдан халық сүйген,

Камзол мен қынамалы бешпет киген», – деп халық ақындары жырлағандай, қазақтың ұлттық киімдері – көшпелі заманның салт-дәстүрімен жалғасып келе жатқан қолөнердің аса бай қазыналардың бірі. 

Киім үлгілері халықтың этикалық, эстетикалық талғамын бейнелеумен қатар әдет-ғұрып, салт-дәстүрін наным – сенімдері, ырым – тыйымдары сияқты бізге дейін келіп жеткен баға жетпес құндылықтарымыздың бірі. Ұлттық киімнің түрлері өте көп. Олардың әрқайсысы өзінің қарапайымдылығымен, үйлесімділігімен, жүріп-тұруға ыңғайлылығымен ерекшеленеді. Күнделікті киіске арналған киімдер қарапайым, ыңғайлы болып тігілсе, жиын тойға, сән-салтанатқа арналған ерекше сәнді етіп, нәзік талғаммен інжу – маржан, меруерт, шыны моншақтармен әшекейленіп, жібек, алтын, күміс жіптермен кестеленіп тігілген.

Қазақ даласына сонау Ұлы Жібек жолы арқылы әкелінген пүліш, барқыт, дүрия, мауыты, маржан, жібек, атлас, парша сияқты маталардан және мал мен аң терісінен тігілген сәнді киімдер – қазақ қыз-келіншектерінің сәніне сән, көркіне көрік қосқан мата түрлері сан алуан.

Қазақ қыз – келіншектерінің киімдерінің түр-түсінің әсемдігінен басқа символдық мағыналары да бар.

Мысалы, көк түс көгеріп көктеудің, өсіп-өнудің белгісі. «Көсегең көгерсін» - деп үлкендер жастарға бата берген.

Қызыл түс қызғалдақ гүлдің, оттың белгісі болса, ақ түс адалдықтың, кіршіксіз тазалықтың, пәктіктің белгісі.

Қыздың киген киімінен халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, наным-сенімін, парасатты тәлім-тәрбиесі мен әсемдік әлеміне деген талғамын байқауға болады. Сұлу да сымбатты қыздардың киген киімдерінің тал бойына жарасып, дараланған тұлға болып көрінуінің өзі көрер көзді қуантып, адам жанын жадыратады.

Қазақстандағы бірегей «Сымбат» сән академиясының президенті  Сабыркүл Асанованың «Сымбат» кітабында қазақ ұлттық киімдері тарихынан осы заманғы сән талаптары жайлы жазылған.

«Қазақтың ұлттық киімдері» кітабында XIX-XX ғасырлардағы қазақ әйелдерінің ұлттық киім түрлерінің үлгілері, тарихы көрсетілген.

«Қазақтың ұлттық киімдері» кітапшасында қазақтардың басқа халықтарға ұқсамайтын киім үлгілері табиғи ерекшеліктері мен көшпелі тіршілікке сәйкес қалыптасқан киім түрлері жайлы айтылады.

Ұлттық киімдеріміз халықтың салт-дәстүрін сақтап, өзінің әсемдігімен көз тартып, тәлім – тәрбиелік қасиеттің тамаша үлгісін көрсетеді. Қазіргі заман ағымына түсіп, кімге және қай ұлтқа еліктерін білмей жүрген жастарымызға осы бір асыл қазыналарымызға көңіл қойып, зер салып, жақсы жақтарынан үлгі алса нұр үстіне нұр болар еді.

 

                                                                                          Негізгі қорларды сақтау бөлімінің

                                                                                          кітапханашысы Т.М.Осатаева