Бұланты шайқасы

Жоңғар армиясы мен қазақ жасағының 1727 жылғы Бұланты өзені бойындағы алғашқы ірі шайқасын аталық. Евразияның жаңа тарихында өзінің ауқымы жөнінен сол қанқасап қырғынға тең келетін шайқас сирек.

Нұрсұлтан Назарбаев

2015 жыл – елімізде елеулі оқиғалардың айтулы даталарын атап өткелі отырған ерекше жыл болмақ. Сол айтулы оқиғалардың бірі – Қазақ хандығының 550 жылдығы.

Халқымыз бен мемлекетіміздің тарихының біраз алтын беттері Ұлытау –Жезқазған өңіріне байланысты екені барша қазаққа аян.

1723-1725 жылдары қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды, Сырдарияның орта ағысына дейінгі өңірін басып алған жоңғарлар Ұлытауға қарай бет бұрады.

Осы қауіпті кезеңде Ордабасы жиынында біріккен бүкіл қазақ қолының бас қолбасшылығына Әбілқайыр хан сайланады.

1727 жылы «Ақтабан шұбырында, Алқакөл сұлама» оқиғасынан кейін есін сәл жинаған қазақ халқы қалмақ әскерлерін қазақтың дәстүрлі саяси орталығы Ұлытау жеріне жеткізбей тоқтатты. Бұланты мен Білеуті өзендері аралығындағы Қарасиыр жазығында қазақ пен қалмақ әскерлері шешуші шайқасқа түседі.

Қазақ жасақтары жауды өзінің кең-байтақ даласына тереңірек сұғындыра еліктіріп кіргізіп алып, кенеттен жалт бұрылып, оң қанаттан да, сол қанаттан да ойсырата соққы берді. Сосын ту сыртынан енді қайтып тұрмастай тіке шабуылдың астына алды. Сол жеңістен кейін жазықтың орталығындағы төбе «Қалмаққырылған» атанды. Жеңіс халықтың рухын көтеріп, өз күшіне сенуге жігерлендірді. Осыдан бастап қазақтар ұрыс барысын өз қолдарына алып, қарсы шабуылға шықты. Шайқаста Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Бәсентиін Малайсары, Тарақты ер Байғозы сынды көрнекті қолбасшылар, Тайлақ, Саңырық мергендер ерлік көрсетті.

Қалмақ қазақты елдігінен айырып, тоздырып жіберудің жалғыз амалы Ұлытауды алу екенін жақсы түсінген еді. Евразиялық кең сахара үшін көшпелілердің соңғы екі арыстаны жан аямас айқасқа түсті. Қай жеңгені мәңгілік елдігін сақтап қалмақ. Ертеде сақтың патшалары қоныс тепкен Ұлытау, ғұндардың көсемдері келіп басына тәуәп еткен Ұлытау, тоқсан екі баулы қыпшақ жұртының алтын қазығы болған Ұлытау осы қан жоса күрестің куәсі.

Бұланты шайқасы қазақ халқының өз тәуелсіздігін және елдігін сақтау жолында жүргізген күресінің ең бір айтулы белесі.

Осы оқиғадан кейін қалмақ қолындағы Сарыарқаның және Жетісудың қоныстарын азат ету басталады.

1998 жылы Жезқазған қаласы әкімінің шешіміне орай қазақ ұлты мен мемлекетінің қалыптасуымен, халық жасақтарының жоңғар басқыншыларына тарихи бірінші рет ауыр соққы беруімен байланысты Таңбалынұра – Білеуті – Қалмаққырылған – Бұланты – Шұбартеңіз көлі – Қойлыбай – Ұлытау жол бағыты бойынша тарихи-этнографиялық ғылыми экспедиция ұйымдастырылған болатын.

Экспедиция құрамына ғалымдар, жазушылар, журналистер, архив және мұражай қызметкерлері, өлкетанушылар, суретші, аң-құс маманы болған. Белгіленген жоспарлы бағыт бойынша олар барлығы 1560 км жүріп өткен.

Осы экспедиция нәтижелері бойынша «Бұланты шайқасы» кітапшасы 1998 жылы жарыққа шықты. Кітаптың жауапты редакторы - тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.О. Артықбаев.

Кітапша беттерінде оқырман қазақ мемлекетінің және этносының қалыптасуы туралы және ірі тарихи оқиғалар мен жеке қайраткерлер жөнінде жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен танысады. Жезқазған-Ұлытау жеріндегі мемлекеттік мәні бар тарихи орындардың сипаттамасы бұл өлкенің қазақ хандығының өмірге келуінде және қалыптасуында ерекше орны бар екеніне көз жеткізеді.