Қымбатты достар, біз бүгін көптен күткен эссе – байқаудың қорытындысын жариялаймыз!
Қатысушылар байқаудың нәтижесін білу үшін қайта-қайта біздің сайтымызға кіріп, шыдамсызданып жүрген болар. Байқаудың нәтижесін хабарламай тұрып, біріншіден, барлықтарыңызға байқауға қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамыз, екіншіден, сіздердің байқауға қатысумен шектелмейтіндеріңізге, ақын өлеңдері сіздің өміріңіздің арқауына айналып, «Шаттығы мен азабын қатар көріп, жүрсем де ылғи қызығам өмірге мен» деген өткір өлең жолдары қиналған немесе қуанған сәттеріңізде серік болып, жарқын келешекке жетелейді деп үміттенеміз.
Енді, негізгі жұмыс жайы жайлы айтсақ. Байқау жарияланғаннан бергі кітапханаға келіп түсіп жатқан жұмыстардың барлығы бірдей біздің қойған шарттарымызға және мағынасы жағынан тақырыпқа сәйкес келмейді. Әйтсе де, Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы туралы өз ойларыңызды білдіргендеріңіздің өзі қуанышты жайт. Байқауға әртүрлі категориядағы пайдаланушылар: мұғалімдер, студенттер, оқушылар, үй шаруасымен айналысатындар, зейнеткерлер қатысты. Ең бастысы, барлықтарыңызды ортақ іске жұмылдырып, бір арнаға тоғыстарған – Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы мен сіздердің поэтикалық сөз өнеріне деген сүйіспеншіліктіріңіз. Қай жұмысты алсаң да қатысушы ақын шығармашылығы жайлы ой-пікірін, көзқарасын өз қабылдауы бойынша саралайды. Сондықтан, қандай-да бір баға беру өте қиын болды. Дегенмен, байқаудың аты байқау...
Жұмыстарды әділ бағалау үшін әділқазылар алқасы ойласа келе, қатысушыларды әлеуметтік категория бойынша, яғни,оқушылар, мұғалімдер және т.б. топқа бөліп бағалауды ұйғарды.
Ең жақсы жұмысты таңдау барысында қазылар алқасы бір жұмысты керемет, бір жұмысты нашар деп қарамай, жалпы, жұмысты оқу кезінде алған әсерлерімен бөлісе отырып бағалады. Сөйтіп, «Оқушылар» категориясы бойынша ең жақсы жұмыс ретінде – Ақмола облысы, Степногорск қаласындағы №1орта мектептің оқушысы Мейрам Камиланың «Поэзия падишасы - Фариза» эссесі, ал, «Мұғалімдер» категориясы бойынша Осакаровка ауданы, Приишимск ауылының №7 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бегетаева Индираның «Қазақ қызы болғаныңа мақтанамын» эссесі таңдалынды. І топтағы көзі нашар көретін мүгедек В.П. Овчарованың «Поэту Фаризе Онгарсыновой» атты поэтикалық арнауын қазылар алқасы ерекше бағалады.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз!