Үркер сөзінің мағынасын бәріміз білеміз. Білетініміз, үркер – торпақ шоқжұлдызының құрамына енетін топтанған жұлдыз шоғыры. Ал бұл сөздің жастар журналы атауына неліктен ие болғанын біріміз білсек те, біріміз бас қатырмадық.
«Бұл елдің түнгі сағаты – аспанның үркері еді» деп келеді бір шығармада. Түнгілік адасқан жолаушының серігі ол жұлдыздар екені анық. Соның ішінде, үркер шоқжұлдызының оп-оңай көзге түсіп, біркелкі жинақылығымен жарық шашып, адасқанға жол тауып беретіні тағы бар.
Атына заты сай, жастарға бағыт-бағдар беріп, олардың жазған дүниелерін жария етуде алдына жан салмай келе жатқан – «Үркер» журналына аз-кем тоқтала кетсек.
Жастардың әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси журналы «Үркер» 2009 жылдан бастап шыға бастады. 2011 жылдан бері біздің кітапханамыз қорында сақталған.
Журнал көпшілік көкейіндегі ойды айтуға, көпшілік көзайымы болатындай жас таланттар мен жаңа есімдерді жарыққа шығаруға барынша тырысып келеді.
Журналдың алғашқы беттік мұқабасында «Жас дәурен, гүлжазира қайран жазым!» деген айдармен ақын, жазушы аға-апаларымыздың шығармалары басылып шығатын. Ол жасөспірімдерге берілген бата, тілеген ақ жол іспетті көрінетін. Қазіргі таңда мұқаба бетінде «Таң алдындағы жазбалар» атты айдарға ауыстырылды. Онда жастарымыздың қысқаша ой-тамызықтары, сатира, өлеңдері жарық көруде.
«Жас қалам», «Мамандығым – мақтанышым», «Ұлт тағдыры», «Жырлайды жүрек», «Тірілермен тірімін», «Айтарым бар», «Оқушы жүрегінің лүпілі», «Сені іздеп жүрмін», «Поэзия», «Аққан жұлдыз» атты тұрақты айдарлары бар.
Өте қызықты айдарларының бірі - «Желідегі ой-талас» айдары. Аты айтып тұрғандай, әлеуметтік желіде (мысалы, фейсбук парақшасы) жарияланған, талас-тартысқа түсіп, оқырман ойы қақ бөлінген тақырыптарға арналады.
«Айтулылар айтқан сөз» деп аталатын тұрақты айдарда ғалым, данышпан, билердің, философтардың нақыл сөздері (афоризмдер) жарияланады. Білім күніне байланысты шыққан журнал нөмерінде білімге қатысты мынадай шешен сөздер басылып шыққан болатын:
- Адамдар көп нәрсені есте сақтауға, білімді болуға, шешен сөйлеуге тырысады, бірақ осылардың бәрінің негізі – күрделі ойлауға тырыспайды. Сент-Экзюпери
- Кім көбірек біледі дегенді емес, кім жақсырақ біледі дегенді анықтауға тырысу керек. М. Монтень.
«Үркер» жастарға сенім артады. Әдебиетті, мәдениетті, ғылым мен өнерді насихаттайтын «ҮРКЕР» журналын оқиық.
Н. В. Гоголь атындағы ОӘҒК-ның мерзімді басылымдарымен кітапхана сайтының «Ресурстар» бөлімінің «Мерзімді басылымдар» айдарынан таныса аласыздар