Науша Наурыз, мейрамның тәуірісің,
Шат-шадыман жұртымның ән-жырысың.
Ұлыс оң боп,
Ақ мол боп жаңа жылда,
Бұйырсыншы біздерге нау ырысың.
С. Бексейіт
Міне, қазақ жеріне көктемнің керемет мейрамы Әз Наурыз да келіп жетті. Наурыз жайлы жазылған әңгіме де көп, ән де көп. Сондықтан да мерейлі мерекенің тарихына тоқталмай, наурыз жайлы аңызға бергісіз қызықты да маңызды мағлұматтарға ғана тоқталсақ деп отырмыз.
- О бастан наурыз айының келгендігін білдіретін халқымызда жанды-жансыз нышандар бар. Жанды нышанның бірі – Жыл құсы, оның аты – наурызек (наурызкөк) торғайы. Бұл наурыз келісімен ерекше сайрайтын торғайдың бір түрі.
- Жансыз нышанның бірі – наурызгүл, оны халық бәйшешек деп атайды. Бәйшешектің құдіреті сонда, ол қардың еруін күтпей, қарды тесіп көктей бастайды.
- Халықтың мифологиялық түсінігінде 21-наурыз түні даланы, үй-үйді Қызыр аралайды, сондықтан «Қызыр түні» деп аталады. Қызыр – үй-іші, қора-қопсысы, ауласы және де киген киімі, ішкен тамағы таза адамдарға қонады. Сол себепті барлық отбасы тазаланып, мерекені қарсы алған. Қызыр бас бармағы былқылдап тұратын, ақсақалды қария екен, амандасқанда бармағынан білуге болады деп жатады. Қызыр ата табиғатты аралап жүріп, назары жерге түссе, қыстың тоң-мұзын ерітіп жібереді, ал тасқа түссе тас та балқиды екен.
- Жаңа жылдың бірінші күнінде күннің қалай атқаны, оның түр-түсі бір жылдық ауа-райымен теңескен. Жұлдызшылардың тәжірибесіне сүйенсек, күн бұл таңда төрт түрлі болып атуы мүмкін екен: 1) күн егер жанған оттай қызарып, қан қызыл болып шықса – ол жылы өлім-жітім, өрт көп болады; 2) егер күн түсі сары қызыл тартып, ыстық леп бірден бетке ұрса, шақырайып шықса – ол жылы құрғақшылық болады; 3) күннің түсі күңгірт тартып, қораланып, солғын көрінсе - ол жылы ерекше жауын-шашын болады; 4) күн сәулесі жан-жаққа шашырап, шапағын төге рауандап атса – ол жылы жанға жайлы молшылық болады.
Биылғы жыл молшылық, дәулетті және құтты жыл болсын!
Мерзімді басылымдармен жұмыс бойынша секторы