Болашақтағы кітапхана қандай болуы керек? Бұл сұрақ тек кітапханашыларды ғана емес, жалпы қоғамды толғандырып отыр. Өркениет заманында қағаз өнімдеріне сұраныс азайғанымен оқып, білуге, ақпарат алуға деген ынта-ықылас еш толастамайтыны анық.
Кітапхана қай дәуірде де бәсекеге қабілетті, мәдениетті, рухани тұлғаны тәрбиелеп шығаруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан да ақпараттың, білім мен ғылымның ошағы саналатын кітапханалардың мән маңызы жылдан-жылға артып келе жатыр.
Адамзат қандай жағдайлар болмасын кітап оқуды, баспа басылымдарын қарауды тоқтатпайды. Кейбіреулердің пікірінше электронды басылымдар кітапхананың орнын басқан секілді. Бірақ кітапхана мәліметтерінің қағаз немесе электронды тасымалдағыштарда болуының айырмашылығы жоқ. Себебі, кітапхана - әрбір халықтың, әрбір ұлттың, әрбір жеке тұлғаның рухани байлығы.
Ақпараттық технологиялардың дамуының нәтижесінде соңғы жиырма жыл көлемінде кітапханалар екі жүз жыл бойы еленбеген өзгерістерге тап болды. Осы өзгерістердің, жетістіктердің маңызды факторлары: жылдамдық, шапшаңдық, хабардар болу, электронды сауаттылық.
Заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы келешекте кітапхана қызметіндегі болжамдарға тоқталсақ:
- интернетте орталықтандырылған кітапханалық қор сақтайтын репозитарий пайда болуы мүмкін, кез келген құрылғыдан осы «бұлтты» онлайн кітапханасына қол жеткізуге болады;
- жақын болашақта технологиялардың даму нәтижесінде, кез келген шығарманың автоматтандырылған аудармасын оқуға мүмкіндік туады;
- ақпаратты көзбен немесе есту арқылы қабылдаудан басқа, сезім арқылы танылуға болады, мысалы: мейрамхана иелері жаңа тағамдар идеяларына немесе парфюмерлер иістер каталогын алу үшін кітапханаға келуі мүмкін.
Иә, қазір ғылым мен техниканың дамыған заманы, ал адамзат соны толық игілігіне пайдалануы керек, сондықтан қалай оқысақ та кітапхана арқылы білім мен мәдени құндылықты игергеніміз қуантарлық жәйт болмақ.
А.К. Карашова - Облыс кітапханаларын дамыту бөлімі