Бақытты болғыңыз келсе...

Біздің кітапханамызда «Тағылым» зияткерлік клубы жұмыс жасайды. Осы клубта ақпан айында шешендік өнерді насихаттап жүрген, белгілі қаламгер, журналисттер одағының мүшесі Бақытқали Мұсабековпен ерекше кездесу өтті. Әрине, бұл кездесу тек мен үшін ғана ерекше болар?! Себебі, Бақытқали ағамыз жайлы көп естіген болатынмын, бірақ алғашқы кездесуім еді. Өте байсалды, тілі шұрайлы ағамыз жиналған қауымды бірден баурап алды. Көпшілік алдында сөз сөйлеу, әрбір сөзіңді дұрыс саптай білу – өнер. Міне осы өнерді меңгеру, сөйлеу мәдениеті мен шешендік өнер жайлы әңгіме өрбітіп отырып, қазақы тәрбиені де тілге тиек етті. Кездесу соңында Бақытқали аға кітапханаға «Бақытты болғыңыз келсе...» атты кітабына автографын қойып тарту етті.

Бұл тренинг-кітап Стивен Ковидің атақты «7 навыков высокоэффективных людей» еңбегіне негізделген. Кейде, жағымсыз бір жағдайды өзгерту үшін, сол жағдайды дұрыс қабылдай білу керек. Міне, бұл еңбектің негізгі концепциясын 7 дағдының жүйелілігі құрайды. Егер де сіз өзіңіздің жақсы қасиеттеріңізді ашып, психологиялық және рухани дамуда үйлесімділікке жеткіңіз келсе, әртүрлі адамдармен тіл табыса алғыңыз келсе – бұл кітап Сізге арналған.

Кітап несімен жақсы? Қазақ тілінде жазылған еңбек. Қазақ тілді оқырман үшін  өзіміздің автордың түзетулерімен Ковидың еңбегі қолжетімді болды. Осы еңбекті оқыған адам:

  1. Қателер мен сәтсіздік жағдайларды тиімді пайдалануға;
  2. Өзіңді жетілдірудің жаңа тиімді техникалары мен әдістерін меңгеруге;
  3. Өзіңнің ықпалын мен көшбасшылық үлгіңді ұғынуға

үйренеді.

Ковидың өз теориясын 2004 жылдары қарастырғанына қарамастан, бұл әдіс-тәсілдер бүгінгі күні де өзекті, заманауи және қолданбалы екені сөзсіз. Сондықтан, өз оқырманыма өміріндегі жағымсыз сәттерден дұрыс шыға білу үшін Бақытқали Мұсабековтың «Бақытты болғыңыз келсе...» еңбегің біздің кітапхана қорынан алып оқуды ұсынамын.

Айгуль Аманжолова
Құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтар ұйымдастыру бөлімі.