«Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге»
(Абай)
Кітап (араб.: – жазба) — мерзімсіз баспасөз басылымы; көркем-әдеби, қоғамдық-саяси, ғылыми-практикалық мазмұндағы туынды. Кітаптың алғашқы түрлері ежелгі Шығыс елдерінде, Грекияда, Римде қыш текшелеріне, тақта тастарға сына жазуымен жазылды. Біздің заманымыздан бұрынғы 25-ғасырда Мысырда қыш текшелердің орнына қамыс (папирус) қолданылды. Біздің заманымыздан бұрынғы 7-ғасырда қамысқа кітап жазу ісі Грекия мен Римде кең өріс алды.
Осыған байланысты кітапты көшіріп жазуға машықтанған көшірушілер мен қолжазбаны көркемдеуші суретшілер пайда болды. Біздің заманымыздан бұрынғы 2-ғасырда қамыстың орнына тері жарғақ қолданыла бастады. Ежелгі Рим мәдениеті мен ғылымы өкілдерінің туындылары жарғақ кітаптарға жазылып таралды. 105 ж. қытай шебері Цай Лунь қағазды ойлап тауып, 13-ғасырда қағаз жасау өнері Шығыстан Батысқа тарай бастады. Осыған орай, Еуропада қолжазба кітап қауырт өркендеп, түрліше әріптер, бас тақырыптар (айдарлар) қолданыла бастады. Кітап мұқабалары алтын, күміс, т.б. металмен өрнектелді.
Кітап оқудың ұлт болашағы үшін маңызы зор. Білімсіз қоғам өрге баспайды. Қазір таңда кітап оқымайтын қоғам қалыптасып келе жатқан сияқты. Қалыптастырып отырған да өзіміз. Бүгінде қиян түкпірдегі ауылдарды айтпағанда, аудан орталықтарының өзінде кітап дүкендері некен-саяқ. Кейбірінде мүлде жоқ. Өйткені, газет-журнал, кітаптарыңыз ауылдықтар үшін соншалықты пайдалы тауар емес. Кітап оқу мәдениеті, кітап оқу идеологиясы қоғам үшін қалайда қажет.
Қазір жастар керек ақпаратын ғаламтордан тез ала салғысы келеді. Бірақ кітап оқудағы мәселе мүлде басқа ғой. Тағы бір ерекше атап өтетін жайт, еліміздегі кітаптардың қолжетімді болуы мәселесі. Мұны да ұмытпау керек. Ақын Өтежан Нұрғалиевтің бір жазбасында «Кітап деген – жердің бетінде жыпырлап жатқан көз сияқты. Көздің де әртүрлісі болады. Сол көздерді басып сен келесің…», – деп жазғаны бар. Жазушының немесе ақынның шығармагерлікке дейінгі әу бастағы тағдыры өзгеріп, кітаптың тағдырымен бірге жасайды деген де түсінік бар. Жалпы, жаныңды бордай үгіп, көңіліңді күйедей кеміріп, шығарма түзу еріккеннің жұмысы емес. Расында көшеден кітап құшақтап жүрген жастар некен саяқ. Бұл заман ағымына, халықтың әлеуметтік жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне де байланысты. Олардың кітап оқуға уақыттарының тапшылығы да бар, себептері бірнешеу.
Орыстың белгілі әдебиет сыншысы В. Майкова бір сөзінде «Жеке тұлға өзін-өзі тану мақсатында кітап оқуы керек» деп айтыпты. «Жақсы кітап ақылды адамның әңгімесі сияқты»,-деп классик жазушы Л.Толстой айтқандай, кітап оқырманға рухани күш жігер, тәлім-тәрбие, үлгілі-өнеге бағыттайтын тамаша құрал. Араб жазушысы Әл-Жаһаз кітап жайында: «Мен одан артық қайырымды көршіні, одан әділ досты, одан асқан елгезек жолсерікті, одан артық көнпіс ұстазды, одан асқан дарынды ақылшыны білмеймін»,-десе, ал ұлы драматург Шекспир «Кітап ــ маған тақтан да қымбат»,-деп кітаптың құдіретін, оның мәртебесін онан ары асқақ көтеріп көрсеткен болатын. Қалай болғанда да кітап әр кезде де әлеуетті тәрбие құралы болып қала бермек. Ғылым-білім жағында өркениетті ұлттардың деңгейіне жету үшін ұлтымыз азаматтарының жан-жақты сауатты болуының қажеттілігі айтпасада түсінікті жағдай. Электрондық техника жеңіл болғанымен, бірақ кітап оқудың қажеттілігі өте маңызды.
Біздің Гоголь атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының өлкетану бөліміне де жаңа кітаптар келіп түсуде. Және жергілікті бір туар талантты тұлғаларымыздың да кітаптары сыйлыққа келіп жатады. Сирек кездесетін құнды мәліметке толы кітаптарды да бізден табасыз. Солардың бірегейі Омар Жәлелұлының “Харекет” атты кітабы. 2017 жылдың 12 ақпан күні “Ипар” компаниясының офисында Абайтанушы, философ Омар Жәлелұлының “Харекет” атты кітабы бойынша дәрісі өтті.
Филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлы ең алдымен кітаптың неге “Харекет” аталғандығын айтып бастады. Автордың айтуынша “Харекет” – араб сөзі, адал түрде маңдай теріңмен еңбек ету (іс - қимыл, қозғалыс). Қазақша “Әрекет” (қам - қарекет). Дегенмен “Әрекет” сөзінің мағынасы “бүлік” сөзіне жақын. Қазақтың бас ақыны Абайдың “Сабырсыз, арсыз, еріншек” деп басталатын өлеңінде
Қылып жүрген өнері:
Қарекеті – әрекет.
Өзі оңбаған антұрған
Кімге ойлайды берекет.
Осы өлең бойындағы барлық жағымсыз қылықтар бір “әрекет” деген сөзді анықтауға жұмыс істеп тұр. Абай араб тілінің қазақ тілі арқылы дыбысталу ерекшеліктерін шебер пайдалана отырып, бұл сөздерге жаңа мағына береді, жаңа сөз жасайды. Яғни “Харекет” - пайдалы (ізгілікке негізделген, адамның жанына пайдалы) іс – әрекет. “Әрекет” – адамның нәпсісіне пайдалы, жанына қас әрекет. “Харекет” жасап отырғанымыздың өзі тек 18 мың ғаламның иесі бір Алланың құдіреті. Барлық нәрсені тек Алладан сұрау керек екендігіне ешбір дауа жоқ. Автор “ Құдайға құл болу деген қалай ? ”, “қалай сұраймыз? ”, “ол үшін не біліп, оқу керек ? ” деген сияқты сұрақтарға “Құранмен”, “Таурат” кітабының жұқанасындағы дәлелдерімен жауап берді. Расында да “Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады ” деген қазақ мақалы тегін айтылмаса керек. Алған әсерімізді, білгенімізді айтып жеткізе алмаспыз. Осы дәріске келе алмағандарға “Харекет” кітабын оқуға кеңес беремін. Дәрістен рухани, діни жан – жақты мәлімет алған біршама адамдар ендігі дәріске отбасымен келетіндігін айтып, тіпті балаларын әкелмегеніне өкінішін білдірді. Кездесу аяқталған соң Омар Жәлелұлы “Харекет” кітабының бір данасын Н. В. Гоголь атындағы ОҒӘК – на сыйға тартты. “Харекет” кітабын оқимын деушілер болса кітапханамыздың есігі әрдайым ашық. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ кафедрасының доценті, философ Омар Жәлелұлының дәрісіне қатысқандар дән риза болып, келесі кездесуге шақырды. “Халық қаласа хан түйесін сояды” демекші Омар Жәлелұлы тіпті аудан, ауыл – аймаққа да дәріс өткізуге келетінін айтты.
Кітап адамзат өмірінің құнды мұрасы, алтын қазынасы, ғұмыр шежіресі. Бұл жөнінде кезінде Ағылшын философы Фрэнсис Бэкон: «Кітап заманалар толқынында тербеліп, үстіндегі қымбатты қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі»,- деп қортындылаған. Кітап өсер ұрпақты тәрбиелейтін, оларды сыртқы дүниемен қарым-қатынас жасауға желпіндіріп, жетелейтін тамаша құрал. «Кітап оқыған озар» дегенді естіп өссем де өз басым кітапты сирек қолға аламын, әрі талғаймын. Технологияның дамыған заманы болғанымен, әлеуметтік желі қалайда адамдардың кітап оқуына кедергі келтірмеуі керек. «Кітап ــ білім бұлағы, білім ــ өмір шырағы»,-деген қанатты сөз қазіргі жас ұрпақтың жадында жаңғырып тұруға тиіс.
Е. Мақатай - Өлкетану әдебиеті бөлімі