Жақында кітапханамыздың жанынан құрылған "Жыр-Жауһар" поэзия клубының жетекшісі Жадыра Байбұланованың "Қағаз жүрек" атты жыр жинағы жарық көрген болатын. Ақын өткен жылдың соңында мемлекет және қоғам қайраткері Ж.Тәшенов атындағы "Жылдың үздік ақыны" мүшәйрасында жеңімпаз атанып, кітап шығару құрметіне ие болған еді.
Аталмыш кітаптың алғашқы тұсаукесері күні кеше Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында болып өтті. "Егіз лебіз" деп аталған бұл кеш клубымыздың белді мүшесі Мирас Асан мен Жадыра Байбұланованың оқырман қауыммен кездесу кеші ретінде ұйымдастырылды.
Тұнық жырға толы кітаптың тұсауын кесу мәртебесі қазақтың белгілі ақындары Маралтай Райымбекұлы, Мұрат Шаймаран және Мақпал Мысаға берілді. Халқымыздың маңдайына біткен дүлдүл әншісі Ерлан Төлеутай Арқаға деген сағынышын әнмен жолдаса, жеті ішектің тілін жетік меңгерген сазгер, әнші Қадырғали Көбентай Жадыраның сөзіне жазылған "Дәнекер" әнін сахнада алғаш рет орындады.
Қос ақынды құттықтай келген қаламгерлер мен оқырман санында шек болған жоқ. Кеш соңында жиналған қауымға "Қағаз жүрек" кітабы автордың қолтаңбасымен сыйға тартылды.
Егіз жүректің ерекше кеші жайлы толық ақпаратты төмендегі сілтемелерден оқи аласыздар.
Байбуланова Ж.Т., абонемент бөлімінің кітапханашысы