Қазіргі таңда елімізде еңбекші адамға құрметпен қарап оларға үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп жатады. «Еңбек түбі - береке», - деп қазақ халқы бекерге айтпаған ғой. Мамандық таңдау – бұл өте маңызды іс. Өйткені біз таңдаған мамандық саласында өмір бойы қызмет атқарамыз. Біздің мемлекетімізде көптеген кәсіби мамандықтар күндері аталып өтіледі. Мен осы кәсіби мамандықтар күніне орай, өз мамандығым жайлы айтқым келеді.
«Жақсы кітап – жан азығы». Кітап адамзат мәдениетінің ең ұлы туындыларының бірі, кез-келген елдің мәдениетінің ең бастысы – кітапхана. Кітапхана-ғасырдан ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік парасаттылық пен білімділіктің, байтақ пен біліктіліктің киелі ордасы. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың қызығушылығын арттыруға, талғамына, таңдауына, қажетті тақырыптарын тауып беруге, әдебиеттерді іріктеуге көмек көрсету, оқуға деген көзқарасын ояту кітапханашының тікелей міндеті. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Олар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда.
Сан түрлі мамандықтар бар, бірақ кітапханашы мамандығы мен үшін өзінің өте қызықты да, тартымдылығымен ерекшеленеді. «Мен кітапхананы ақыл - білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын», - деп жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев айтқандай, біздің кітапханашылар кітапханаға кірген әрбір оқырманға білім шуағымен қатар, көңіл шуағын да шашып, мейірімді жүздерімен өздеріне бірден баурап алады. Кітапханадағы көпшілік жұмыстардан қызметкер ретінде маған ұнайтыны, жастардың қарым-қатынасын қалыптастыратын, олардың пікір алмасу арқылы ойларын өрістететін ортаның-әдеби клубтардың жұмысы. Жас ұрпақтың бетін кітапқа бұрып, ықыласын кітапханаға аударатын іс-шаралардың жастарға берері мол, сондай-ақ инабатты да, еңбекқор, табиғатынан зиялы, кез-келген қиындыққа төтеп бере алатын кітапханашылардың игілікті істері қоғамға әрдайым қажет.
Ендеше, білім бұлағының қайнар көзі – кітапханалар сарқылмай, өрлеп, өркендей берсін.
Кемельбаева Г.Т. ҚЖӨ және КҰ бөлімінің кітапханашы-редакторы