Баянауыл – ел басына күн туған қысылтаяң тұста бүкіл қазақтың басын қосып, ентелескен жаумен жанқиярлық соғысқа шығып, ел мен жерді сақтап қалу үшін Абылай хан бастаған, Жасыбай секілді жаужүрек батырлары қостаған, ата-бабаларымыздың осы жерден бастап, Жасыбай көлін кешіп өтіп, жоңғарларға тойтарыс берген жері. Бұл жер – Қазақстанға, біздің халқымызға көптеген ғұламаларды, ақын-жазушыларды дүниеге әкелген мекен, талай-талай данышпандардың туып-өскен жері. Айта берсек, осы жерден түлеп ұшқан, кейінгі ұрпаққа үлгі етер адамдар көп!
Нұрсұлтан Назарбаев
Қадым заманның небір ескерткіштеріне бай Баянауылға Алла тағала аямай көркемдікті үйіп-төгіп бере салған секілді. Біріне бірі жалғасқан таулар мен көлдер, жартастар көрген жанға ерекше күй сыйлайды. Жартастарда әртүрлі аңдар мен адам бейнелері бейнеленген. Тап бір үлкен жартастарды бір-біріне қиыстырып, бейнені келтірген адамның еңбегіндей. Олардың әрқайсысының өз аттары бар. Мысалға Кемпіртас, Найзатас, Саймантас, Аттың басы, Көгершін тағы да сол сияқтылар. Жалпы қазақ даласы құпияға толы ғой. Қазақстанның қай өңіріне болса да бара қалсаңыз емшілігімен ел арасына танылған, ағып жатқан өзенді теріс ағызған, Алладан құт дарыған адамдар болған. Солардың бірі Қоңыр әулие. Қоңыр әулие үңгірі тау басында орналасқан. Оған баратын баспалдақтың биіктігі 110 метрді шамалайды. Онымен бойлай жүрсеңіз, әрбір 10-15 метр сайын демалуға арналған алаң алдыңыздан шығады. Үңгірдің жалпы ұзындығы 30 метрді құрайды. Үңгір екі бөліктен тұрады. Кіре беріс мешіттің күмбезіне ұқсас болғандықтан «күмбез» деп аталады, онан кейін Әулиенің отырған жері деп саналады. Қоңыр әулие үңгірінің суында емдік қасиет бар деп естіген адамдар дертіне шипа іздеп келеді.
Сондай-ақ, табиғаты көркем Баян жерінде Баянауыл ұлттық мемлекеттік табиғи паркі орналасқан. Парк аумағында үш ірі тұщы сулы көл – Сабындыкөл, Жасыбай және Торайғыр көлдері орналасқан. Олардан басқа шағын көлдер көп, кейбіреуі құрғақшылық кезде тартылып қалған. Солардың ішіндегі Сабындыкөл жайында айтар болсақ, суы тұщы, сондықтан болар көбіктеніп жатады. Осы жердегі көлдердің ішіндегі ең ірісі. Аңыз бойынша Баян сұлу кезінде әдемі ұзын шашын жуып отырғанда сабынын суға түсіріп алған деседі. Содан Сабындыкөл аталып кетсе керек. Одан бөлек саябақта 20-дан аса археологиялық ескерткіштер, қола дәуірінен қалған қорғандар, тастағы жазулар мен таңбалар, үңгірлер: Әулиетас, Драверт, Құмыра бар. Ұзақ жылдар бойы жел мен судың әрекетінен түрлі мүсіндерге айналған Найзатас, Жұмбақтас, Көгершін, Атбасы сияқты жартастар саябақ табиғатына ерекше көрік береді. Саябақтың өсімдіктер дүниесі мен жануарлар әлемі де алуан түрлі. Өсімдіктердің 400-ден астам түрі. Соның ішінде Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген жабысқақ қандыағаш, көктем жанаргүлі де осында өседі. Омыртқалы жануарлардың 100-ден аса түрі кездеседі. Сүтқоректілердің 40-тан аса түрлері ұялайды. Арқар, бүркіт, сұңқылдақаққу Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Балықтың 8 түрі бар. Саябақ аумағы атқаратын қызметіне қарай қорықтық, қорықшалық және демалыс белдемдеріне бөлінген. Қорықтық белдемде шаруашылық жұмыстардың қай түріне болса да тыйым салынып, биологиялық алуан түрлілік, экожүйелер қорғалады. Қорықшалық белдемде шаруашылық жұмыстар белгілі бір тәртіппен шектеулі түрде жүргізіледі. Демалыс аймағына келушілер саны да реттеліп отырады. Баянауыл ұлттық табиғи саябағының табиғат қорғауды, адам игілігі үшін ұқыпты пайдалануды насихаттау ісінде алатын орны ерекше, ғылыми, мәдени және эстетикалық маңызы зор.
Жанға жайлы, табиғаты көркем, ауасы таза демалатын жер іздесеңіздер Баянаулға жол тартыңыздар. Ол жерде туристер үшін барлық жағдай жасалған.
Ал, біздің кітапханамыз арқылы осы сұлулықты сипаттайтын материалдармен таныса аласыздар:
- Ертістің Павлодар өңірі. - Павлодар : Казахстаника, 2003. - 80 б.
- Сарыарқа маржаны - Ертістің Павлодар өңірі. - Алматы : Тау Қайнар, 2003. - 336 б.
- Баянауыл - сұлулық әуені = Баянаул - мелодия красоты : фотоальбом. - Екібастұз : PRIMALUX, 2008. - 176 б.
- Артықбаев, Ж. Баянауыл: фотоальбом. - Астана : Фолиант, 2009. - 307 б.
- Қазақстан - ғажайыптар елі. - Алматы : Print Com, 2011. - 150 б.
- Қазақстанның қорықтары мен ұлттық бақтары: фотоальбом. - Алматы : Алматыкітап , 2009. - 281 б.
Оқу залы, Серікжанова А.