"Латын әліпбиін қарайтын кез келді. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгінде телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстарын жасауы тиіс" - деп елбасымыз Н.Ә. Назарбаев 2006 жылы Қазақстан халқы - Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген болатын.
Елбасы 2012 жылғы желтоқсанда жарияланған «Қазақстан-2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісу керектігін айтқан болатын.
Ұлтымыздың латын әріп таңбалы жаңа әліпбиінің жасалуы – рухани жаңғырудың басты темірқазығы. Латын әліпбиі арқылы алаштың ана тілін алты құрлыққа танытуға бетбұрыс жасау. Болашақтың тұтқасы-ұрпақтың мақтанышы.
Халық латын графикасына негізделген ұлттық әліпбиіміздің жасалуын ұлы жаңалық деп қабылдады. Ұсынылған әліпбидің қызу талқыға салынуы да халықтың болашаққа бейжай қарай алмайтынын көрсетті.
Жаңа әліпби – түркі тілдес халықтардың тарихи мұражайын ортақ мәдени мұраға айналдыра отырып, кедергісіз тура жолмен әлемдік ақпараттық кеңістікке енуге мүмкіндік беретін негізгі құрал. Ұлтты, мемлекетті біріктіретін алып күш.
Ендігі жұмыс ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау. Көкейдегі күмән де, экономикалық қиындық та енді оған тежеу бола алмайды. Әсіресе мемлекет өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, болашақты баянды етудің барлық жолы бекітіліп, оны халықтың ертеңгі күнімен бірге қарастырып отырған жауапты кезеңде тағдырлы мәселелердің маңызы тіпті арта түседі
Бүгінгі технологиялардың қарыштап алға басып, жаһандық қоян-қолтық байланысқа бәріміз мүдделі болып отырған заманда жас ұрпақтың осы қаріптерге негізделген әліпби мен қарым-қатынас жасағаны көп түйінді шешіп беретіні анық.
Жаңа әліпбиге өту-өркениеттік таңдау. Түркі тілдес елдерді жақындастыратын маңызды шешім. Латын графикасына өту дегеніміз, қазақ тілін таңбалау. Ұлттық дамудың ұлағатты үлгісі саналатын бұл реформа сананы жаңғырту ғана емес, білімділікке ұмтылу. Ұлт тарихындағы ұлы белесте бірлік танытып, қазақ халқының кемеңгер ұлт екенін көрсету бәрімізге асқақ мәртебе. Латын әліпбиіне ауыса отырып, қазақ өз руханиятының тізгінін өзі ұстайды.
Латын әліпбиін қабылдау жөніндегі жарлыққа Елбасымыз 2017 жылы 26 қазанда қол қойды.
Келісім түбі келелі іс екенін ескерсек, ұлттық ортақ мүддеде бірігуіміз шарт.
Сөйтіп латын әліпбиі жер жүзіндегі барлық қазақтың басын қосатын, оларды бір-бірімен жақындастырып,ана тілін, әдет-ғұрпын,салт-дәстүрін сақтап, біртұтас ұлт ретінде өсіп-өркендей беруіне мүмкіндік беретін ең негізгі жазу болады деп сенеміз.
Қоғамда латынға өту мәселесі әлдеқашан пісіп-жетілді. Әрине жобаны талқылау барысында көзқарас қайшылығы да орын алатыны заңдылық. Осыған байланысты материалдарды кітапхананың мерзімді басылымдар бөліміндегі газет-журналдардан оқып, таныса аласыздар!
Мерзімді басылымдар секторы кітапханашы Айтбаева Карима Тендиковна