Әр адамның жаны қалап, қолға алатын ісі бар. Мысалы, менің жақсы көретін кәсібім – кітап оқу. Әріп танытқан алғашқы ұстазым педагог-журналист Көпішев Еркін бізді «Ақшоқының» бір бөлмеге орналасқан шағын кітапханасымен таныстырғаннан бері кітаппен доспын. Алғашқы оқыған шығармам «Тазша бала» ертегісі болатын.Содан бері кітап әлеміне бойлап келемін. Сіздерге өзіме ұнаған автор және оның шығармалары жайлы айтсам деймін.
Қазақта Қасымдар көп. Соның бірі - «Мен-дағы өр Найманның Қасымымын», - деп жыр тиегін ағытқан биыл туғанына 100 жыл толатын Халық қаһарманы Қасым Қайсенов. Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданының Асубұлақ ауылында туған партизан-жазушы атамыздың өмір жолы ерлік дастанындай. Өскемен саяси-ағарту техникумы түлегі. Соғыс алдында Мәскеудегі барлаушылар мектебінде оқытып, 1941 жылдың 19 желтоқсаны күні өңкей украин мен орыс арасындағы жалғыз қазақ, 13 адамды топтап, парашютпен Украинадағы жау тылының ортасына тастайды. Содан бастап майдан даласында «Вася», «Дядя Вася» деген атпен танылған атамыздың ерлік-хикаялары да шексіз. Өзінің соғыста өткен жолдарын «Переяслав партизандары», «Днепрде», «Ажал аузында», «Жас партизандар», «Жау тылында», «Жау тылындағы бала», «Илько Витряк», «Сол бір жылдарда», «Партизан соқпақтары», «Ағалар туралы аңыз» кітаптарында баяндайды. «Мені әдебиетке әкелген – соғыс, партизандық өмірім» -, деген. Кітаптарын оқи отырып, бүкіл жер-су атаулары,ондағы жасампаз адамдардың есімдері де өзгертілмей сол қалпында алынғанын естігенде таң қаласыз. Ол да көзсіз ерлікпен пара-пар. Шығармалары соғыс шындығын, адамдардың бауырмалдығын, қайырымдылығын, өжеттігі мен төзімділігін сезіндіреді. Әйелі Асыл апаймен қосылуының өзі хикая. Ләззат, Мұрат, Болат, Толқындардан өрбіген ұрпақтарын көріп, екеуі 70 жыл жұптасып өмір сүрді. Апамыздың өнегелі өмірі әр қазақ қызына үлгі. Атамыз жазған кітаптарымен жастарды тәрбиеледі.
Алла сүйетін қасиеттерге ие болып, өлшеулі өмірді өкінішсіз жасаған атамыз бен апамыздың есімдері жасай берсін!
Сіздерді Аңыз адам Қасым Қайсеновтың шығармаларын оқуға шақырамын.
Абонемент бөлімінің кітапханашысы Ахмадиева А.С.