Осындай атаумен кітапханашылар 2018 жылдың 22 ақпаны күні Қарағанды «Болашақ» академиясында сырттай оқитын студенттермен шара өткіздік. Жиналған қауыммен амандықтан кейін абонемент бөлімінің жұмыс істеу барысы жайлы айтып, көрмеге қойылған кітаптарға тоқталдым.
Биылғы жыл қазақ ақыны, жырау, Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 350 жыл, сәулетті Астанамызға 20 жыл екенін білеміз. Көрмедегі Бұқар баба атындағы аудан жұртшылығы өмірінен сыр шертетін «Аудан ардақтылары» кітабын, 2017 жылы «Балауса» баспасынан жарық көрген «Қазақ салт-дәстүрлері», ұлт мақтанышы, ұлт көсемі, жерлесіміз Әлихан Бөкейхан шығармалары туралы әңгімеледім. Сонымен қатар ұстаздар қауымы үшін мол мағлұмат беретін Зинаш Бижанованың «Жалпы педагогика», Фатима Бизақованың «Отбасылық дағдарыс психологиясы», Атабаев Қамбардың «Деректану пәнін оқыту методикасы», Рахметқызы Сағираның «Бастауыштарда қазақ тілін оқыту әдістемесінің негіздері», Жұмажанова Төкеннің «Әдебиетті оқыту әдістемесі» және кураторларға арналған Қозыбай Анарбектің «Топ жетекшісі» кітаптарын оқуға ұсындым.
2017 жылдың сүбелі еңбектерінің бірі деп көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің «Күндерімнің куәсі» кітабын оқуға шақырдым.Автор өз еңбегінде ел тарихы, тағдыры, заман, қоғам, адам туралы, адамгершілік, кісілік, жер, дін, тіл туралы тебіреніп, оқушысымен сырласады.Сонымен бірге Тәуелсіздігіміздің шежіресі десе де болады. Күнделік жазып көрмеген жанға үлгі дер ем. Ұстаздарға шығармашылық табыс тілеп, кітапхана оқырманы болуға шақырдым.
Абонемент бөлімінің кітапханашысы Ахмадиева А. С.