Демалыс. Демалған жақсы – ақ. Жыл бойғы жұмыстан қажыған кез келген адам отбасымен бой жазып, демалғысы келетіні хақ. Жағдайың кеп тұрса, шетел асып, жер көріп, ел таныған да жақсы-ау. Барар жерің туралы мағлұматтар оқуың, аз-маз болса да тілін үйрену де артық емес. Иә, мұхит асып, бөгде ел туралы көріп- білу арман ғой. Сол сияқты демалуға татитын жерлер өз елімізде де жетерлік. Жер жаннаты Көкше мен Қарқаралы, Меркі мен Сарыағаш, Лепсі мен Ақсу, Марқакөл мен Тарбағатай, Қатонқарағай мен Зайсан, Баянауыл мен Балқашымыздың аймақтары әр адамның ерекше құлшыныспен кезекті демалысын өткізетін жерлері болып табылады. Әсіресе халықтың көп баратыны Жосалы, Жасыбай, Саялы, Алакөл,Шахтер, Балқаш екен. Менің бір таныс отбасым өздерінің кезекті демалысын еліміздің әр облысындағы шипажайларда өткізіп, ауыздарының суы құрып мақтап отырады. Мысалға Қарқаралы өңірін алсақ ,көлік ішінде келе жатып –ақ жақындағанда ерекше ауа лебін сезінесің. «Даланың әсемдігін, әсіресе атақты Қарқаралы даласының сұлулығын мен өзімнің нашар французшаммен сізге жеткізуге батылым бармай отыр», - деп Р.Ролланға хат жазған А.Затаевич айтқан екен. Шыңдары мен шоқылары, жасыл жамылғылары,қоғалы көлдер, қом сулары,ұшқан, жүгірген аң-құсы, жеміс-жидектері демалушыны тамсантатыны сөзсіз. Қарқаралының батысындағы өн бойын құж тастар жапқан, қой малының құт мекені Қоңырқұлжа, қаладан 40 шақырым жердегі Кенттің табиғаты да тамаша, жақпар тасты шоқылары орманға оранған, сайларынан самсаған бұлақтары сарқырап қызықтырады. Қалаға келген қонақтар Құнанбай мешітін, Мәлік сайындағы Мәдидің басындағы,қала ортасындағы әншіге арналған ескерткіштерді, 1921 жылы ақтардың қолынан қапыда қаза тапқан адамдарға арналған зәулім монументті, мұражайды көрмей кетпейді. Өз өлкемізге туристердің күннен – күнге көбейіп келуі де жақсы жерлеріміздің бар екенінің дәлелі. Қарқаралы халықаралық туризм дамитын аймаққа айналды. Көрікті өлкеге барып, түрлі тамашаны отбасыңызбен көріңіздер! Ал мен үшін жыл сайын әр қалада тұратын туыстарымды көріп, әңгімелесіп, аунап-қунап қайту – бір демалыс. Әрине, әркім өзінің көңіл қалауын табары сөзсіз. Қайда демалуды тапқан табысыңыз бен отбасыңыз шешетіні даусыз. Қайда демалсаңыз да аманшылықпен, қызықты да жайлы демалуыңызға сәттілік тілеймін.
Абонемент бөлімінің кітапханашысы Ахмадиева А.С.